Иранның үш азаматы Жетісу облысындағы 2,3 мың гектар шұрайлы жерді заңсыз алып алған

Бұл туралы прокуратура хабарлады

Иранның үш азаматы Жетісу облысындағы 2,3 мың гектар шұрайлы жерді заңсыз алып алған
Фото: istockphoto.com

Жетісу облысының прокуратурасы 2,3 мың гектар жердің әлдекімдерге заңсыз берілгенін анықтаған. Бұл істі терең зерттей келе прокурорлар жерге иелік еткен компанияның құрылтайшылары Иранның үш азаматы екенін тапқан, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Жалпы, Жетісу облысы прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, бұл жердің нарықтағы бағасы 50 млн теңге. Жер толықтай ауыл шаруашылығы мақсатындағы аумаққа жатады.

«Прокурорлар жер заңнамасы қаншалықты сақталады дегенді зерттей келе, бұл жерге иелік етіп алған компанияның құрылтайшылары Иранның үш азаматы екенін анықтаған.  Жер Ескелді ауданында орналасқан және Қазақстан Республикасының Жер кодексінің талаптарын бұза отырып берілген», - деп мәлімдеді Жетісу облысының прокуратурасы.

Бұл жұмыс тікелей мемлекеттің мүддесі болғандықтан, Ескелді ауданының прокуратурасы сотқа жүгініп, соттан бұл жерді мемлекет меншігіне қайтарып беруді талап еткен. Сот істі қарай келе, прокурордың жағына шығып, жерді мемлекет меншігіне қайтарып берген.