Айдар Жарылғанов Президент Әкімшілігіндегі қызметінен босатылды
Ол 2023 жылы 6 қаңтардан бастап Мемлекеттік құқық бөлімін басқарды
Мемлекет басшысының өкімімен Айдар Жарылғанов Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айдар Жарылғанов 1978 жылы Семей қаласында дүниеге келген. 1999 жылы «Семей» мемлекеттік университетін, 2001 жылы «Әділет» жоғары құқық мектебін тәмамдаған. Еңбек жолын 2001 жылы ҚР Мемлекеттік кірістер министрлігі мен Қаржы министрлігінің Салық комитетінде бастаған. 2007-2019 жылдары Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінде сарапшы, консультант, инспектор және сектор меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2019 жылдың сәуірінен 2023 жылдың қаңтарына дейін осы бөлім меңгерушісінің орынбасары болды. 2023 жылғы 6 қаңтардан бастап Мемлекеттік құқық бөлімін басқарды.
Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, 2026 жылдан бастап Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның хатшысы болды.
Айдар Жарылғанов 2013 жылы Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, 2020 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.