Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына Шымкент қаласынан кімдер қосылды
Бүгін президент Халық Кеңесінің құрамын бекіткен еді
Бүгін, 22 қыркүйек күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекіткен еді. Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына Шымкент қаласынан кімдер қосылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгін президент Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты екі құжатқа қол қойды. Бірінші Жарлық арқылы Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекіген болатын. Кеңес құрамына қоғамдық ұйымдар, өңірлер, этномәдени бірлестіктер, ғылыми және сарапшылық орта, бизнес, кәсіподақтар, білім, мәдениет, спорт және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қоса алғанда, 126 азамат кірді», - деп хабарлайды Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына Шымкент қаласынан да белсенді тұлғалар кірген. Дәлірек айтсақ:
- Латипша Қаймаханович Асанов — «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы;
- Әбдез Рахманұлы Иманқұлов — Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі;
- Әлия Мақсұтқызы Юсупова — Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «Қазақстан ұлттық гимнастика федерациясы» қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігінің президенті енді.
«Екінші құжатқа сай, Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясы 2026 жылғы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында өтеді», - деп еске салды Шымкент әкімдігі.
Айта кетейік, Жарлыққа сай Қазақстан Халық кеңесіне енген 126 адамды төрт жыл мерзімге президент бекітеді. Олардың өкілдігі үш бағытқа бөлінген: этномәдени бірлестіктерден 42 мүше, ірі қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан 42 мүше, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден 42 мүше. 126 адамның арасында 40 әйел адам мен барлық өңірлердің өкілдері кірді.