Шаққалиев: Қазақстан ДСҰ-ға кіргелі бері тауар айналымы екі есе өсті
Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді
Қазақстан ДСҰ-ға кіргеннен бері елдің тауар айналымы екі есеге өскен. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Құрылтайда өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шаққалиевтің сөзінше, Қазақстан үшін ДСҰ-ға мүшеліктің негізгі артықшылықтарының бірі – экспортқа мүдделі елдер мен нарықтарға ортақ әрі кемсітпейтін сауда ережелерімен шығу мүмкіндігі.
«Біз үшін ДСҰ-ға кірудің негізгі мәні – экспорттық мүддеміз бар нарықтарға түсінікті әрі кемсітпейтін сауда ережелерінің болуы», – деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстан үшін Қытай, Еуропалық одақ және АҚШ нарықтары маңызды бағыттардың қатарында. Бұл елдер мен Еуропалық одақ ДСҰ мүшелері болғандықтан, ұйым белгілеген ортақ сауда қағидалары қазақстандық экспорт үшін маңызды.
Шаққалиев қазіргі халықаралық саудадағы протекционизм үрдісіне де тоқталды. Оның сөзінше, бірқатар мемлекеттер ішкі нарықты қорғауға бағытталған шараларды күшейтіп, жаңа сауда кедергілерін енгізіп жатыр.
«Бүгінде протекционизмнің күшеюі және ішкі нарықтағы жаңа тосқауылдардың пайда болуы ДСҰ-ның өзектілігін арттырады», – деді ол.
Министр ДСҰ-ға мүшелік шетелдік инвесторлар үшін де маңызды фактор екенін айтты. Оның пікірінше, ұйымға мүше болу Қазақстанның халықаралық сауда міндеттемелерін орындауға дайын екенін көрсетеді.
Шаққалиев Қазақстанның ДСҰ аясындағы міндеттемелерінің орындалуына жүргізілген соңғы шолудың нәтижесін де атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылғы шолу барысында Қазақстан өз міндеттемелерін толық орындағаны расталған.
«Қазақстанның ДСҰ-ға қатысуы – бұл тауар айналымының екі есеге өсуі, экспорттық мүмкіндіктердің артуы және инвесторлар үшін белгілі бір деңгейде сенім көрсеткіші», – деді Сауда және интеграция министрі.
Айта кетейік, Құрылтайдың бүгінгі отырысында депутаттар ДСҰ аясындағы Қазақстанның қызметтер бойынша міндеттемелеріне өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.