Электронды сауда бес жылда 3,8 трлн теңгеге жетті: Қазақстан ДСҰ қағидаларын енгізбек

Заң жобасын Құрылтай назарына Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев таныстырды

Электронды сауда бес жылда 3,8 трлн теңгеге жетті: Қазақстан ДСҰ қағидаларын енгізбек
Фото: gov.kz

Құрылтай ДСҰ аясындағы Қазақстанның қызметтер бойынша міндеттемелеріне өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заң жобасын Құрылтай назарына Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев таныстырды.

Шаққалиевтің айтуынша, Қазақстанның ДСҰ-ға 2015 жылы қосылуынан бері елдің сауда көлемі 76,5 миллиард доллардан 2025 жылы 136,9 миллиард долларға дейін өскен.

«Ұсынылып отырған заң жобасы осы жұмыстың және ДСҰ-да қабылданған міндеттемелерді орындаудың жалғасы», – деді министр.

Оның сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанның қызметтер саудасы жөніндегі Жалпы келісімді (GATS) дамыту мақсатында ДСҰ-ның қызметтерді ішкі реттеуге қатысты ережелеріне қосылуын қарастырады.

Министр қазіргі кезде қызметтер саудасының ауқымы кеңейіп келе жатқанын айтты. Оның дерегінше, 2025 жылы қызметтер саудасы әлемдік сауданың шамамен 28 пайызын құраған. Сол жылы қызметтер саудасы 5,3 пайызға өссе, тауарлар саудасының өсімі 4,6 пайыз болған.

Қызметтер саудасы енді көлік, қаржы, сақтандыру және туризм сияқты дәстүрлі салалармен ғана шектелмейді. Ақпараттық технологиялар, электронды коммерция және білім беру қызметтері де белсенді дамып келеді.

Қазақстанда да бұл бағыттағы көрсеткіштер өсіп отыр. Шаққалиев 2025 жылы елдің қызметтер экспорты шамамен 13 миллиард доллар болғанын айтты. Ал электронды сауда көлемі соңғы бес жылда сегіз есе өсіп, 3,8 триллион теңгеге жеткен.

Ұсынылып отырған қағидалар қызмет көрсету саласын, оның ішінде қаржылық қызметтерді реттеудің жалпы негіздерін белгілейді. Құжатта өтінім беру рәсімдерін жеңілдету, оларды қарау мерзімдерін қысқарту, сондай-ақ өтінімдер мен рұқсат құжаттарын электронды түрде беру мүмкіндіктерін кеңейту қарастырылған.

Сонымен қатар ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігіне және жаңа реттеу шараларын әзірлеу кезінде оларды талқылау мүмкіндігіне басымдық беріледі.

«Негізгі міндет – қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды ашық, объективті және болжамды ету», – деді Арман Шаққалиев.

Министр бұл қағидалар мемлекеттің қызмет көрсету саласын реттеу құқығын шектемейтінін атап өтті. Қазақстан лицензиялау, біліктілік талаптарын белгілеу және қоғамдық мүддені қорғауға қажетті басқа да реттеу шараларын енгізу құқығын сақтайды.

«Қазақстан лицензиялауды, біліктілік талаптарын және басқа қажетті реттеу шараларын белгілеу құқығын өзінде сақтайды. Мұндай шаралар денсаулық, қауіпсіздік және басқа да қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында белгіленуі мүмкін», – деді министр.

Шаққалиевтің айтуынша, ДСҰ қағидаларына қосылу қазақстандық қызмет көрсетушілердің сыртқы нарықтарға шығуына да қосымша мүмкіндік береді. Бұл қызметтер саудасында өзара тең жағдай қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін.

Министр цифрлық экономика, электронды коммерция, қаржы, көлік, ақпараттық технологиялар және кәсіби қызметтердің дамуы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.

«Қызмет көрсету саласын реттеудің ашықтығы мен болжамдылығын арттыру бәсекелестіктің дамуына, инвестициялардың тартылуына және көрсетілетін қызметтер экспортының өсуіне ықпал етеді», – деді ол.

Министрдің мәлімдеуінше, ұсынылып отырған қағидаларды ратификациялау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық тұрғыдан теріс салдарға әкелмейді әрі республикалық бюджеттен қосымша қаржы талап етпейді.