Қызылордада хоккей жаттықтырушысы шәкіртін екі жыл бойы қорқытып, зорлап келген (ВИДЕО)

Бапкер алғаш зорлаған сәтін видеоға түсіріп алып, өзгелерге таратып жіберетінін айтып қорқытқан

Қызылордада хоккей жаттықтырушысы шәкіртін екі жыл бойы қорқытып, зорлап келген (ВИДЕО)
Фото: freepik.com

Қызылорда облысында кәмелетке толмаған шәкіртіне қатысты ауыр қылмыс жасады деген күдікке 38 жастағы хоккей жаттықтырушысы ілінді. Сырдария ауданында 16 жастағы қызға жыныстық зорлық көрсетіп, оны қорқытып келген деген күдікпен бапкер қамауға алынған. Қылмыстық іс бойынша тағы бір ер адам ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Бұл туралы 31 арнаның «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

Кәмелетке толмаған қыз баланың айтуынша, жаттықтырушы екі жыл бойы оған қысым көрсетіп, жыныстық зорлық әрекеттер жасаған. Жасөспірім алғашқы оқиға Талдықорған қаласында өткен жарыс кезінде болғанын айтты.

Оның сөзінше, бапкер зорлап жатқан сәтін видеоға түсіріп алған. Кейін ол бейнежазбаны өзгелерге таратып жіберетінін айтып, жасөспірімді қорқытып, өзіне тәуелді еткен.

Жәбірленуші тергеу барысында жаттықтырушы кейіннен оны басқа ер адамдармен кездесуге де мәжбүрлегенін айтқан. Қыз болған жағдайды ата-анасына жеткізген соң, отбасы полицияға хабарласқан.

Алайда арыз берілгенге дейін жәбірленушінің анасы мен 18 жастағы ағасы күдіктімен кездесіп, оған күш қолданған.

Қызылорда облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікпен екі ер адамның ұсталғанын растады. Соттың санкциясымен олардың екеуі де қамауға алынған.

«Қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеру аяқталып, қатысушылар іс материалдарымен танысып жатыр», – деді Қызылорда облыстық полиция департаменті басқармасының басшысы Бауыржан Сәулебеков.

Айта кетерлігі, жәбірленушінің анасы мен 18 жастағы ағасына қатысты жаттықтырушыны ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Қазіргі таңда іс материалдары тараптардың танысуына ұсынылған. Жаттықтырушыға қатысты қылмыстық іс жақын арада сотқа жолданады.