Жезқазғанда 2000 оқушыға арналған мектептің құрылысы басталды

Оқушыларға арналған заманауи зертханалары бар мектеп салынады

Жезқазғанда 2000 оқушыға арналған мектептің құрылысы басталды
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Жезқазған қаласының Батыс ауданында екі ауысымда жалпы саны 2000 оқушыны қабылдауға қауқарлы заманауи «BINOM» мектебінің құрылысы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Жаңа мектептің іргетасына капсула салу рәсіміне Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен қатысты.

Құрылыс жұмысын 2027 жылы аяқтап, нысанды жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде білім сапасын арттыру жөніндегі кешенді жоспар әзірленді. Жоспар аясында дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер ашу, олардың озық білім беру бағдарламаларын қала және ауыл мектептеріне енгізу, педагогтердің біліктілігін арттыру көзделген. Сонымен қатар өңірде педагогикалық мамандар даярлайтын жоғары оқу орнын ашу жоспарланып отыр. Білім сапасын арттыруға және балалар үшін қолайлы орта қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Осы бағытта Ұлытау облысында жаңа мектептер мен балабақшалар салу, қолданыстағы білім беру нысандарын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасады», – деді Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен.

Жаңа білім ошағы оқушылардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына қажетті заманауи инфрақұрылыммен қамтылады. Мектепте физика, химия, биология, нано және биотехнология зертханалары, мамандандырылған кабинеттер қарастырылған.

Сондай-ақ мұнда кинозалдар, мұғалімдер мен оқушыларға арналған коворкинг-аймақтар, телестудиялар, ойын бөлмелері мен смарт-сыныптар жұмыс істейді. Оқушылардың шығармашылық және техникалық қабілеттерін дамыту үшін 3D-принтерлер, робототехника кабинеттері, металл және ағаш өңдеу шеберханалары жабдықталады.

Мақалада
#мектеп #Ұлытау