Қазақстан мен Сербия қару-жарақ жеткізу, әскери техникаларды жөндеу бойынша бірлесіп жұмыс істейтін болды
Бұл келісімге 2023 жылғы 29 қарашада Белградта қол қойылған.
Құрылтай Қазақстан мен Сербия арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл келісімге 2023 жылғы 29 қарашада Белградта қол қойылған.
Заң жобасын таныстырған Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, келісімнің мақсаты – Қазақстан мен Сербия арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастықты теңдік және өзара тиімділік қағидаттары негізінде дамыту.
Келісім аясында әскери мақсаттағы өнімдерді өзара жеткізу, қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу және оларға қызмет көрсету, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу қарастырылған.
Сонымен бірге тараптар әскери технологияларды беру, қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін бірлесіп сынау бағыттарында да жұмыс істей алады.
«Келісімнің мақсаты – Тараптар арасындағы теңдік қағидаты негізінде әскери-техникалық ынтымақтастықты орнату және әрі қарай өзара тиімді дамыту. Келісімде қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін сынау кезінде әскери инфрақұрылым нысандарын пайдалану мүмкіндігі қарастырылған», – деді Шайх-Хасан Жазықбаев.
Қазақстан тарапынан келісімді іске асыруға Қорғаныс министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жауапты болады. Сондай-ақ екі елдің қатысуымен әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құру жоспарланған.