Құрылтай мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтатын институтқа айналады деп сенеміз – Мәулен Әшімбаев
Саясаттанушы бұл институттың тарихына да тоқталған
Бұрынғы Сенат төрағасы, саясаттанушы Мәулен Әшімбаев бүгін бірінші сессиясын ашқан Құрылтайдың алдында тұрған міндеттерді атады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, дәл бүгін еліміздің саяси өмірінде, жалпы мемлекетіміздің даму жолында жаңа кезең басталды. Яғни, ол еске салып өткендей, бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші сессиясы ашылып, жаңа Конституцияға сәйкес бір палаталы заң шығарушы орган ресми түрде жұмысына кірісті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тарихи жиында сөз сөйлеп, Құрылтайдың алдында тұрған негізгі міндеттер мен басым бағыттарды айқындап берді. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – ұлт жылнамасының жаңа парағын ашатын, еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға тың серпін беретін маңызды оқиға. Жалпы, Құрылтай ел тарихындағы тағдыршешті кезеңдерде халқымызды ортақ мақсатқа жұмылдырған және мемлекеттіліктің маңызды мәселелерін шешуге ықпал еткен іргелі институт болды. Бүгінгі Құрылтай – сол тарихи сабақтастықты сақтай отырып, ұлттық саяси дәстүрімізді заманауи мемлекеттік басқару жүйесімен ұштастыруды көздейтін жоғары өкілді орган», - деп жазған Әшімбаев жеке парақшасында.
Бұл ретте ол енді Құрылтай депутаттарына жүктелер талап пен жауапкершілік те айрықша болатынын еске салды. Өйткені, алдымыздағы басты мақсаттардың бірі – жаңа Конституцияның нормаларын заңнамаға толық енгізу, заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз ету.
«Бұл ретте жасанды интеллект пен заманауи цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін заң шығару және сараптама жұмыстарында тиімді пайдалану да аса маңызды. Президентіміздің бастамасымен әзірленіп жатқан «Е-Parliament» жүйесі осы бағыттағы жұмысты жаңа деңгейге көтеруге жол ашатыны сөзсіз», - дейді ол.
Жалпы, Әшімбаев атап өткендей, бүгінгі сессия еліміздегі жүйелі саяси жаңғырудың жаңа белесін бастап берді.
«Құрылтай енді мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, елді ортақ мақсаттарға ұйыстыратын, заңнаманы заман талабына сай жетілдіретін және реформаларды сапалы жүзеге асыруға ықпал ететін маңызды институтқа айналады деп сенеміз», – сөзін түйіндей келе ол.