Мирзиёев Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады
Өзбекстан президенті сайлау нәтижесі Қазақстандағы реформаларға халықтың қолдауын көрсететінін атап өтті
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, елдің жаңарған Парламенті – Құрылтай сайлауының халықаралық стандарттар мен демократиялық қағидаттарға сай сәтті өтуімен шын жүректен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Өзбекстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов мәлімдеді.
Шавкат Мирзиёев құттықтауында бұл тарихи оқиға Қазақстанның саяси жүйесін жетілдірудің, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың және Парламенттің рөлін едәуір күшейтудің жаңа кезеңі басталғанын көрсететінін атап өтті.
«Азаматтардың өткен сайлауға белсенді қатысуы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан, Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, оның халықаралық аренадағы беделі мен ықпалын одан әрі арттыруға бағытталған терең конституциялық және қоғамдық-саяси реформаларды халықтың кеңінен қолдайтынының айқын дәлелі деп аталды.
Өзбекстан Президенті бізді сан ғасырлық достық пен тату көршілік байланыстыратын бауырлас Қазақстан жерінде бүгінде жүріп жатқан ауқымды өзгерістердің жоғары нәтижелеріне Өзбекстанда шын жүректен қуанатынын атап өтті», – делінген жолдауда.
Сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан парламенттері арасындағы тығыз ынтымақтастық екі достас елдің стратегиялық әріптестігі мен одақтастық қатынастары рухында жаңа сапалық деңгейге көтерілетініне сенім білдірілді.
Сөз соңында президент Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, амандық және мемлекеттік қызметіне үлкен табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тіледі.