$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.11.2019, 15:23
Саясат

Мәнізоров ісі: Бұл fake news, ал ақпараттық қауіпсіздікке кім жауапты?

Бағдат Мәнізоровтың адвокаты мәлімдеме жасайды 

Мәнізоров ісі: Бұл fake news, ал ақпараттық қауіпсіздікке кім жауапты?

Бағдат Мәнізоровқа байланысты айыптаулар сырт елдердің интернет басылымдарында жария болғанымен, біздің қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. Осы орайда көрші елдердің де, Қазақстанның да ақпарат кеңістігінде бейтаныс сайттар бір ай бойы құзырлы органдар жария ете алмаған мәліметтерді қайдан алған деген заңды сұрақ туады. «Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігі елдегі танымал сарапшылардан ақпараттық қауіпсіздік мәселесі мен тараған мақалаларда fake news белгілерінің бар-жоғын білуге тырысқан. 

Би екеу болса, дау төртеу болады

Қоғам шенеуніктің айналасындағы дауды елдегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Бас прокуратура арасындағы текетірес деп қабылдады. Екі тарап та бұл мәселеге қатысты қарама-қайшы позицияларын білдіріп үлгерді. Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов БАҚ өкілдеріне «Бағдат Мәнізоров ҚР ҚК 190 бабы аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген баппен тергеліп жатыр» деген еді. Өткен аптада Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов «Алматы облысы әкімінің орынбасарына тағылған айып негізсіз, кінәлілер жазаланады» деп мәлімдеді. Сол күні агенттік өкілдері прокуратура шешімімен келіспейтіндігін айтып, ашық пікір білдірді. Ал Бағдат Мәнізоров ресми түрде жұмысына қайта кірісті.

Бағдат Мәнізоров «Бас прокуратураның жоғарғы билігін сатып алған», «доллармен пара берген» және «шенеунік төмендегідей дүние мүлікке ие» деген мазмұндағы жарияланымдарды белгілі заңгер Сергей Уткин талдап көрген. Сарапшы бұл жағдайға байланысты «Мәнізоровтың қарсыластарының тапсырысы екеніне күмәнім жоқ» деген пікірде. Оның ойынша, тараған ақпараттарда ҚР ҚК 130 бабы бойынша жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату белгілері бар.

«Мәнізоровтың қарсыластарының ісі екенінде ешқандай күмән жоқ. Мұнда белгілі бір көлемде пара берді деп сенімді түрде жазылған. Заң нормалары бойынша адамның қылмысы дәлелденіп, сот шешімі күшіне енген соң ғана жария болатыны естен шығарылған. Басталған істі соңына жеткізе алмаған сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлерінің немесе сол саладағы адамдардың әрекеті деп нақты айту үшін ақпараттық сайттың иелерін табу керек. Бірақ онымен кім айналысады?  Мәселе осында. Мақалада зардап шеккен адамдардың аты-жөндері көрсетілген. Бірақ олардың түсініктемелері қайда? Сондықтан мұнда қылмыстық құрам бар, мәтін сараптамаға берілсе, жоғарыдағы мен айтқан бап бойынша жауапқа тартуға болады»,- дейді заңгер.

Әкім орынбасары fake news құрбаны

Қазір біздің елде Ресейдің ақпарат көздеріне назар аударып, онда жарияланған  мәліметтерге сеніммен қарау үрдісі қалыптасқан. Тиісінше ақпараттық қауіпсіздік қорғалмаған. Бұл туралы саясаттанушы Айдос Сарым жиі айтады.

«Солтүстіктегі елдің доменімен жарияланған ақпараттарды оңды-солды таратып, ел ішінде пікір қалыптастыруға болатынын Бағдат Мәнізоровтың қарсыластары ұтымды пайдаландық деп ойлауы мүмкін. Ал, тиісті органдар шындап кіріссе, жалған мәліметтердің бетін ашу қиын болмайды. Бұл қазір кеңінен тараған Fake News деген құбылысқа келіп тұр. Бұған заңдық тұрғыда назар аударып, шара қолдануға болады», - дейді Айдос Сарым.

Сондай-ақ Айдос Сарым «Мәнізоров ісінде» басты назар аударатын мәселе ретінде тергеу құпиялығының қолжаулық болуын көрсетеді.

«Қазақстанда ақпаратты жариялауға байланысты өз заңнамамыз бар және онда журналистердің жауапкершілігі қарастырылған. Сондықтан жаңағыдай пара берді, басқа біреуден пара талап етті деген сияқты жоқ жерден шыққан ақпараттарды ешбір редактор және журналист баспайды. Ешқандай дәлел жоқ мұнда, қандай да бір фактілер, аудио да, видео да ресми түрде шығарылмағанын біліп отырмыз. Мұндай науқанды ұйымдастырушылар Ресейдің бірінші, екінші қолды емес, үшінші-төртінші деңгейдегі, аймақтардағы таныс емес ақпарат сайттарына жариялайды. Оларға азғантай тиын береді де, бастыра береді. Одан қорқып жатқан да ешкім жоқ. Сосын бұл ақпараттарды әлеуметтік желіде, мессенджер, басқа да каналдар арқылы саяси қысым ретінде пайдаланып, белгілі бір тұлғаны тықсырғысы келетін тәжірибе қалыптасып келеді. 

Расул Жұмалының айтуынша «Мәнізоров ісі» елдегі  құзырлы органдарда қалыптасқан қатаң қағиданы бұза алды.  Тергеу, қадағалау және үкім шығарушы мекемелер бір көзқараста болмауы керек.

«Біріншісі күдіктіні анықтайды, екіншісі тергейді, ал үшіншісі сотайды. Бұған дейін күштік құрылымдар көптеген істе бірауыздылық танытатын, яғни конвейер сияқты еді. Ол дұрыс емес, мысалы айыптау қортындыларының 95 пайызы түрмеге отырғызумен аяқталады. Ақтап алу сирек. Қазір жағдай оңалып келеді. Мұнда сайыскерлік қағидасы сақталуы тиіс. Прокуратура мен жемқорлыққа қарсы агенттіктің  келіспей отырғаны, әркім өз шешіміне арқа сүйеуі өркениетке жақындау. Жоғарыдан айтылды деп бұғып қалмай, өз шешімдерінде тұру - билік, сот органдарының әлсіздігін білдірмейді. Текетірестің арқасында оңтайлы шешім қабылданады. Меніңше, Бас прокуратураның жемқорлыққа қарсы агенттік шешімімен келісе салмай, өз дәлелдерін келтіруі бұрын соңды болмаған жағдай. Бұған қанағаттанамын, демократияға тән құбылыс»,- дейді саясаттанушы.

Сарапшылар егер шенеунік прокуратура айтқандай негізсіз ұсталған болса, онда жемқорлыққа қарсы агенттік ағаттық жіберген қызметкерлерін жазалауы тиіс деген пікірде. Сондай-ақ дәйектерді ескермей, асығыс шешім қабылдаса, онда прокуратура да жауапкершіліктен қашпауы керек деп санайды.

Ал, Бағдат Мәнізоровтың адвокаты Алмас Демесінов тиісті органдар өз қорғауындағы азаматқа қатысты айыптау қорытындысын әлі жібермегенін айтты. 

«Біз бұл істің материалдарын әлі қолымызға алған жоқпыз. Тек қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы қаулыны ғана берді. Қолымызға тиген соң, тиісті мәлімдеме жасайтын боламыз», - деді қорғаушы.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары