Тоқаев: Қазақстан түрлі салалар бойынша ұзақмерзімді әріптестікке ашық
Мемлекет басшысы Қазақстанның өнеркәсіп, энергетика, цифрландыру, логистика және агроөнеркәсіп салаларында еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін мәлімдеді
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көптеген сала бойынша ұзақмерзімді интеграцияға ашық екенін және инвестициялық әрі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтіп, Қазақстан шынайы стратегиялық әріптестікке мүдделі екенін айтты.
«Ең алдымен біз сенім мен ортақ табысқа бағытталған ұзақмерзімді ұстанымды ұсынамыз. Өз кезегімізде еуропалық серіктестердің жоғары табыс әкелетін инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысатынына үміт артамыз.
Сондай-ақ Қазақстанның орнықты экономикалық дамуын қолдау мен өңіраралық байланыстарды нығайтуға бағытталған бастамаларға еуропалық қаржы институттарының қатысуын кеңейтуді құптаймыз.
Осыған байланысты Еуропалық инвестициялық банктің белсенді үлесін жоғары бағалаймын және бүгін біздің арамызда вице-президент Марек Мораның отырғанына қуаныштымын.
Сондай-ақ экономикалық диалогты нығайту мен Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы өршіл сауда күн тәртібін ілгерілетудегі жетекшілік рөлі үшін комиссар Марош Шефчовичке алғыс айтқым келеді.
Бұдан бөлек, Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған табанды жұмысы үшін Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Эдуардс Стипрайске шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзінің соңында Президент бүгінгі талқылаулар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестікке қатысты ортақ көзқарасты тағы бір мәрте растағанын айтты.
«Орта дәлізді Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен ұштастыру үдерісі біртіндеп жүзеге асып келеді. Біз Еуропа мен Азия арасындағы қауіпсіз әрі тұрақты көлік дәлізін қалыптастырып жатырмыз.
Біз стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар мен энергетикалық ресурстарды игеруде озық еуропалық инвестициялар мен технологияларға айырбас ретінде өзара тиімді әрі прагматикалық серіктестік ұсынуға дайынбыз.
Біздің есігіміз жоғары технологиялы агробизнестен бастап жасанды интеллект саласындағы озық әзірлемелер мен Астана халықаралық қаржы орталығы аясындағы сенімді қаржыландыруға дейінгі көптеген бағыт бойынша ұзақмерзімді интеграция үшін ашық.
Үкімет барлық коммерциялық ұсыныстарыңызды мұқият қарап, маңызды бастамалардың жедел әрі табысты жүзеге асуын қамтамасыз етеді», – деп түйіндеді Президент.
Дөңгелек үстел отырысында сондай-ақ Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Эдуардс Стипрайс, сауда және экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі еурокомиссар Марош Шефчович, Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Марек Мора, Sarens Group президенті Людо Саренс, Roca Group компаниясының бас директоры Альберто Магранс, Dewulf Group бас директоры Хендрик Декрамер, Polpharma Group бақылау кеңесінің төрағасы Ежи Старак, Airbus SE компаниясының Еуропа өңірі бойынша президенті Жоан Пелисье, Damen Shipyards Group компаниясының тең иесі әрі директорлар кеңесінің мүшесі Роуз Дамен, LOT Polish Airlines әуе компаниясының бас директоры Михал Фийол, Bureau Veritas компаниясының Еуропа өңірі бойынша аға вице-президенті Венсан Бурдиль, Maersk Group басқарушы директоры Айхан Сидеф, Cargolux компаниясының коммерциялық жоспарлау жөніндегі аға вице-президенті Пьерандреа Галли және Maire Tecnimont компаниясының бас директоры Алессандро Бернини сөз сөйледі.