Тоқаев: «Алатау» ақылды қаласы криптоиндустрия мен IT-бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады
Мемлекет басшысының айтуынша, «Алатау» жобасы цифрлық технологияларды дамытуға серпін беріп, криптоиндустрия мен халықаралық IT-компанияларды тартуға мүмкіндік жасайды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық бизнес өкілдеріне Қазақстанның дамуының негізгі бағыттарын таныстырып, цифрландыруға, жасанды интеллектіге, жоғары технологияларға және «Алатау» ақылды қала жобасына ерекше назар аударды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының пікірінше, «Алатау» ақылды қала жобасы криптоиндустрияның, инновациялардың және жоғары технологиялық бизнестің дамуына кең мүмкіндік береді.
Президент өз сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуді ұлттық күн тәртібіндегі маңызды басымдықтардың бірі ретінде атады.
Оның айтуынша, стратегиялық мақсат – Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін заманауи технологияларға негізделген озық салаға айналдыру.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы еуропалық серіктестерді мал шаруашылығы, дәнді дақылдардың тұқым селекциясы, дәлме-дәл егіншілік және топырақ құнарлылығын арттыру секілді маңызды бағыттар бойынша ынтымақтастыққа шақырды.
Бұдан кейін Президент жаңа дәуірдегі жасанды интеллекттің рөліне қатысты көзқарасын ортаға салды.
«Goldman Sachs болжамына сәйкес, жасанды интеллект әлемдік экономикаға 7 триллион доллардан астам табыс әкеледі. Осы жаһандық өзгерістерді ескере отырып, біз Қазақстанды толық цифрланған мемлекетке айналдыру міндетін алға қойдық.
Біз Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық. Бұл құрылымның жұмысын жақында құрылған Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес толықтырады. Аталған кеңес отандық және халықаралық жетекші сарапшыларды біріктіретін маңызды консультативтік орган болып саналады.
Қазақстан өңірде алғашқылардың бірі болып технологиялық инновациялар саласындағы әлемдік көшбасшы NVIDIA платформасы негізіндегі екі суперкомпьютерді іске қосты.
Сонымен қатар біз әлемдік капитал мен ірі технологиялық компанияларды тартатын «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасын қолға алдық.
Alem.ai халықаралық орталығының базасында жаңа буынға арналған екі халықаралық мектеп – Tumo және Tomorrow School жұмысын бастады. Біздің мақсатымыз – педагогтердің құзыретін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және келесі буын үшін жекелендірілген білім беру стандарттарын енгізу.
Сондай-ақ біз «Алатау» ақылды қаласын стратегиялық тұрғыдан дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Жаңа Конституцияға сәйкес бұл қалаға арнайы құқықтық мәртебе берілді. Бұл ауқымды жоба криптоиндустрияның, инновациялар мен жоғары технологиялық бизнестің дамуына зор мүмкіндік ашады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еуропалық бизнес өкілдеріне «Астана» халықаралық қаржы орталығының (AIFC) мүмкіндіктері де таныстырылды.
Сөз барысында айтылғандай, Global Financial Centers Index рейтингінде АХҚО Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде бірінші орында тұр.
Қазіргі таңда мұнда әлемнің 90-нан астам елінен 5800-ден астам компания тіркелген. Олардың қатарында Еуроодақ елдерінен келген шамамен 250 компания бар.
АХҚО арқылы еуропалық компаниялар үлестік қаржыландыру түрінде Қазақстанға 307 миллион доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция салған.
Мемлекет басшысы еуропалық қаржы және инновациялық институттарды орнықты қаржыландыру мен финтех технологияларын дамыту бағытында АХҚО-мен ынтымақтастықты жалғастыруға шақырды.
Адам капиталын дамыту мәселесіне тоқталған Президент Еуроодақтың ғылым мен білім саласындағы жетекші серіктес екенін атап өтті.
«Қазіргі уақытта еліміз бойынша 40 халықаралық академиялық және зерттеу орталығы жұмыс істейді. Олардың қатарында Анхальт қолданбалы ғылымдар университеті, Лотарингия университеті және Марке политехникалық университеті бар.
Қазақстан сондай-ақ Erasmus+, Horizon Europe және басқа да бағдарламалар арқылы Еуроодақпен белсенді ынтымақтастық орнатқан.
Біз білімге негізделген экономика құруды көздейміз. Осы мақсатқа жету үшін Horizon Europe бағдарламасының келесі кезеңіне қауымдастырылған мүше ретінде қатысуға өтінім бердік.
Қазақстан тек экономиканы дамытып жатқан жоқ. Біз Орталық Азия елдері мен басқа да мемлекеттер үшін жоғары білікті мамандар даярлайтын өңірлік білім беру орталығы ретіндегі рөлімізді күшейтіп келеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.