Тоқаев: 15 жылда көлік инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд доллар жұмсалды

Президенттің айтуынша, ірі инвестициялар халықаралық дәліздерді дамытуға және Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы маңызды транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған

Тоқаев: 15 жылда көлік инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд доллар жұмсалды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарына кеңінен тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Ең алдымен Президент еуропалық серіктестерге Қазақстанның Еуропаны Орталық Азиямен, Қытаймен, Кавказбен және Таяу Шығыспен байланыстыратын өңірлік логистикалық хабқа айналу мақсаты туралы айтты.

«Біз инфрақұрылымды дамытуға қомақты қаржы салып келеміз. Соның ішінде мыңдаған шақырым жаңа теміржол желілерін салу және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жұмыстары бар. Бұл бастамалар Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен үйлесіп, Орта дәлізді Еуропа мен Азия арасындағы қауіпсіз әрі тұрақты байланысты қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың біріне айналдырып отыр.

Көлік инфрақұрылымын жаңғырту өз нәтижесін берді. Соңғы алты жылда осы бағыт бойынша жүк тасымалы бес есеге өсіп, жылына 800 мың тоннадан 4,1 миллион тоннаға жетті. Ендігі мақсатымыз – оның өткізу қабілетін 10 миллион тоннаға дейін арттыру. Бұл көрсеткіш Қазақстанның жаһандық логистикадағы маңызды көлік артериясы ретіндегі орнын күшейте түседі.

Осы қарқынды сақтау үшін Қазақстан соңғы 15 жылда көлік және логистика инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам инвестиция салды. Бүгінде Каспий теңізі жағалауындағы Ақтау мен Құрық порттары халықаралық транзит үшін маңызды қақпа қызметін атқарып отыр», – деді Мемлекет басшысы.

Президент логистикалық инфрақұрылым саласында Қазақстанның Даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банк, сондай-ақ құрамына Commerzbank, JPMorgan Chase Bank және Standard Chartered Bank кіретін банктер синдикаты арасында MIGA-ның (Инвестицияларға кепілдік беру жөніндегі көпжақты агенттік) кепілдігімен бүгін жалпы құны 1 миллиард долларға жуық келісімдерге қол қойылғанын құптады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Еуропа үшін аса маңызды минералдар саласында сенімді серіктес болуға дайын екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Қазақстан Еуроодақтың маңызды шикізат ресурстары тізіміне енген 34 минералдың 21 түрін жеткізуге қауқарлы екенін айтты.

«Осы әлеуетті толық пайдалану үшін біз «офтейк» үлгісіндегі ынтымақтастықты ұсынамыз. Бұл ішкі өңдеу өндірісін дамытуға және жоғары қосылған құны бар кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді. Мұндай серіктестіктің нәтижесінде Сирек жер металдарын зерттейтін өңірлік орталық ашылады.

Сонымен қатар Қазақстан жаһандық энергетикалық ауысу үдерісін қолдау бағытынан айнымайды.

Өздеріңіз білетіндей, еліміз әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет саналады және жаһандық сұраныстың шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді. Мұнай, газ және көмір қорының мол болуымен қатар, біз «жасыл» сутегі өндіру жобаларын да белсенді түрде дамытып келеміз.

Бұдан бөлек, Қазақстан аумағында игерілмеген литий, никель, ванадий және кобальт қорлары жеткілікті. Түптеп келгенде, біз серіктестерімізге еуропалық стандарттарға толық сәйкес келетін нақты формуланы ұсынамыз: стратегиялық ресурстарға қолжетімділікке айырбас ретінде инвестиция мен технология тарту», – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан Еуропалық Одақтың сенімді серіктесі әрі энергия жеткізудің тұрақты кепілі ретіндегі стратегиялық орнын жүйелі түрде нығайтып келеді.

«Өткен жылы Еуропа нарығына жеткізілген қазақстандық шикі мұнайдың үлесі шамамен 13 пайыз болды. Біз жеткізілім көлемін ұлғайтуға және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған еуропалық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге берік ниеттіміз.

Осыған байланысты Каспий құбыр консорциумының тұрақты әрі сенімді жұмысын қамтамасыз ету стратегиялық тұрғыдан аса маңызды міндет болып қала береді», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өнеркәсіп саласы Қазақстан экономикасының берік тірегі болып отырғанын да айтты.

«Былтыр өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 27 пайызды құрады. Біз 190-нан астам жаңа өндірістік желіні іске қостық. Еуропалық компаниялардың еліміздегі өнеркәсіпті дамытуға белсенді қатысып отырғанын жоғары бағалаймыз.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық әріптестік түбегейлі өзгеріп, жоғары қосылған құны бар өндірістерді терең жергіліктендіруге және өндірістік тізбектерді біріктіруге бағытталып отыр.

Бұл мысалдар қазақстандық және еуропалық өнеркәсіптік кооперацияның әлеуеті зор екенін көрсетеді. Осы ретте Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Еуропалық инвестициялық банктің қосып отырған үлесін ерекше атап өткім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.