Тоқаев Тони Блэрмен және еуропалық бизнес көшбасшыларымен келіссөз жүргізді
Мемлекет басшысы Брюссельдегі жұмыс сапары аясында Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрмен және Еуропаның жетекші компанияларының басшыларымен кездесіп, инвестиция, инновация және экономикалық әріптестік мәселелерін талқылады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Брюссельде Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрмен және халықаралық ірі компаниялардың басшыларымен кездесіп, экономиканы жаңғырту, көлік инфрақұрылымын дамыту және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Жаһандық өзгерістер институтының атқарушы төрағасы Тони Блэрмен кездесті. Кездесу барысында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар, сондай-ақ елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының негізгі бағыттары сөз болды.
Президент мемлекеттік институттарды одан әрі дамытуға, басқару тиімділігін арттыруға және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған қазіргі өзгерістер туралы айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Groupe ADP компаниясының бас директоры Филипп Паскальмен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Groupe ADP жетекшісі арасындағы әңгіменің негізгі тақырыбы Алматы әуежайын ұзақмерзімді дамыту перспективасы болды.
Президент авиациялық хабтарды дамыту көлік және логистика саласындағы стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Groupe ADP компаниясының Алматы әуежайының инфрақұрылымын басқаруға қатысуы табысты серіктестіктің жарқын үлгісі бола алады.
Мемлекет басшысы компанияның жаңа халықаралық терминал салу секілді бірқатар маңызды жобаларды тиімді жүзеге асырғанын атап өтті. Соның нәтижесінде әуежай инфрақұрылымы жаңарып, жолаушылар ағыны жылына 14 миллион адамға дейін өсті.
Филипп Паскаль Алматы әуежайын дамытудың ұзақмерзімді бас жоспарының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, 2050 жылға дейінгі инвестициялық бағдарламаны іске асыру әуежайдың өткізу қабілетін жылына 55 миллион жолаушыға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында өңірлік әуежайларды дамытуға қатысты жаңа бірлескен жобалардың перспективалары да талқыланды. Groupe ADP басшысы авиациялық инфрақұрылымның тиімді жұмыс істеуі үшін мемлекет қолайлы құқықтық база қалыптастырып отырғанын айтты.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапар аясында Брюссельде қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе тасымалының жекелеген мәселелері жөніндегі келісім саланың дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
Groupe ADP – әуежай инфрақұрылымын басқару саласындағы әлемдегі жетекші компаниялардың бірі. Топ Париждің негізгі әуежайларын басқарады және TAV Airports компаниясын қоса алғанда, еншілес құрылымдары арқылы 20-дан астам елде жұмыс істейді.
Президент сондай-ақ Inditex Group компаниясы бас директорының орынбасары әрі сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Сантьяго Мартинес-Лахе Собредоны қабылдады. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Испания арасындағы қарым-қатынастың негізгі тіректерінің бірі экономикалық ынтымақтастық екенін еске салды. Қазіргі уақытта елімізде 60-қа жуық испан компаниясы жұмыс істейді.
Президент әлемдегі жетекші бөлшек сауда компанияларының бірі саналатын Inditex-тің Қазақстандағы қызмет аясын кеңейтіп, елімізді Орталық Азиядағы негізгі көлік-логистикалық хабқа айналдыру жоспарын құптады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы болашақта компания логистикамен ғана шектелмей, Қазақстанда тоқыма өнеркәсібі саласында өндіріс орындарын ашуы мүмкін екеніне сенім білдірді.
Өз кезегінде Сантьяго Мартинес-Лахе Собредо Қазақстанда кәсіпкерлік пен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, компанияның алдағы жоспарларымен бөлісті.
Қазіргі уақытта құрамына Zara, Pull&Bear, Massimo Dutti және Bershka брендтері кіретін Inditex Қазақстанның сауда желілерінде кеңінен ұсынылған. Компания Алматы мен Қарағанды әуежайларының базасында өңірлік логистикалық хаб қалыптастырып жатыр.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Mediterranean Shipping Company компаниясының аға вице-президенті Эдуард Зигристі қабылдады.
MSC басшылығымен өткен кездесуде көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Әсіресе контейнерлік тасымал үлесін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл жүк айналымының айтарлықтай өсуіне ықпал етеді.
Президент контейнерлік тасымал нарығындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын компанияның Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқанына жоғары баға беріп, Орта дәлізді дамыту еліміз үшін стратегиялық басымдық екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эдуард Зигристке Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін арттыруға бағытталған нақты шаралар туралы айтып берді.
Атап айтқанда, Әзербайжан және Грузиямен бірлесіп бірыңғай ұзақмерзімді тарифтік модель әзірленіп жатыр. Сонымен қатар Каспий теңізіндегі жүк кемелері флотын кеңейту, Әзербайжанмен бірге теңіз түбін тереңдету жұмыстары және Құрық портын жаңғырту секілді маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы компанияның Каспий жағалауындағы порт инфрақұрылымына инвестиция салуға қызығушылық танытқанын құптады. Оның пікірінше, мұндай жобалар бағыттың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалы көлемінің өсуіне ықпал етеді.
Өз кезегінде MSC компаниясының вице-президенті Президентке компанияның ұзақмерзімді инвестициялық жоспарлары туралы айтып берді. Жоспарға Қазақстандағы логистикалық терминалдарға, теміржол активтеріне, порт инфрақұрылымына, теңіз қызметтеріне және жүк әуе тасымалы саласына инвестиция салу кіреді.