Алексей Цой бірнеше мемлекетті КВИ статистикасын жаңаша есептеу әдісіне көшуге шақырды
Қазақстанда 1 тамыздан бастап COVID-19 статистикасы пневмония фактілерімен біріктіріледі
Бүгін видеоконференция арқылы байланыста Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің отырысы өтіп жатыр. Отырысқа қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерін КВИ жағдайын жаңа үлгіде есептеу әдісі бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысын қолдауға шақырды.
«Қазақстан коронавирус жұқтыру бойынша статистикалық мәліметтерді тіркеудің жаңа әдісін айқындады. ДДСҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросымен техникалық жағынан кеңесе отырып, біз КВИ жағдайларын халықаралық классификацияның жаңа кодымен тіркеу туралы шешімге келдік», - деді Алексей Цой.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 1 тамыздан бастап COVID-19 жағдайларының зертханалық тұрғыда расталуы пневмония фактілерімен біріктіріледі.
ШЫҰ-ға мүше елдердің салалық министрлері қатысқан отырыста Алексей Цой статистикалық мәліметтерді жүргізудің бұл әдісін ДДСҰ Еуропа бюросы қолдап отырғанын жеткізіп, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің министрлерін де ДДСҰ ұсынысын қолдауға шақырды.