$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.07.2020, 14:36
Саясат

Праймериз: Көрші елдер жіберген қателіктерден сабақ алу қажет – Рахат Жақсыбай

17 тамыз бен 3 қазан аралығында «Nur Otan» партиясы праймериз өткізеді

Праймериз: Көрші елдер жіберген қателіктерден сабақ алу қажет – Рахат Жақсыбай

«Nur Otan» партиясының биыл өткізетін праймеризінен кейін билікте жастардың үлесі артып, бәсекелестік күшейеді дейді журналист Рахат Жақсыбай. «Nur Otan» партиясы жақтастарының zoom-конференциясында сөз сөйлеген маман мүдделер қайшылығына да дайын болуымыз керек дегенді айтты.

Оның пікірінше, праймеризге қатысатын үміткерлер ең алдымен ішкі мәдениеті қалыптасқан тұлға болуы тиіс. Ойын ашық жеткізіп, бәсекелесін құрметтей алатындар ғана болашақта халықтың атынан сөйлеуге лайықты болады дейді ол.

«Праймериз өткізуде оған қатысушылардың ішкі мәдениеті маңызды. Кандидаттар пікірсайыс өткізуге дайын болуы керек, өз ойын, пікірін қоғамға жеткізе алуы керек. Бізде дебатта сөз таластырған екі тарап кейін бір-бірінің бетін көрместей жау болып кетеді. Батыста керісінше, дебат біткен соң шай ішіп, ары қарай әңгімелесе береді», - дейді журналист.

Оның айтуынша, «Nur Otan» партиясы праймериз өткізуде Батыс тәжірибесіне сүйене отырып, көрші елдер жіберген қателіктерден сабақ алуы керек.

«Шетелдің тәжірибесін қабылдауымыз керек деп жатыр, сондай-ақ, сабақ та алуымыз керек. Мәселен, Ресейде праймеризде жеңіп шыққан тұлғалар жұмыссыз қалып кетіп жатады. Яғни, қазір қаншама адам үмітпен қарап отыр партияға да, праймеризге де. Сол үміттер ақталуы керек. Яғни, әділ әрі ашық болуы керек», - дейді ол.

Айта кетейік, Лига мүшелерінің алғашқы zoom-конференциясы елдегі әлеуметтік саяси жағдайға арналды. Оған саясаттанушы Ерлан Саиров модератор болды. Конференцияға «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев, саясаттанушылар Айдос Сарым мен Қазыбек Майгелдинов, журналистер Бағдат Қожахметов, Айдос Жұқанұлы, Рахат Жақсыбай, Бибігүл Дәулетбекқызы, блогерлер Яков Федоров пен Самат Нұртаза қатысты.

Журналист Рахат Жақсыбай Қазақстанда алдағы уақытта компьютер тапшылығы болатынын да болжады. Өйткені, биыл жаңа оқу жылының бірінші тоқсанында оқушылар қашықтан оқиды. Елімізде 700 мыңнан астам оқушы барын ескерсек, олардың бәрін техникамен қамту расымен де үлкен проблемаға айналатын сыңайлы.

«Кеше дәрі-дәрмек тапшылығы қоғамда үлкен мәселеге айналды. Ертең жаңа оқу жылында компьютер жетіспеушілігі де осындай проблема тудыруы мүмкін. Парацетамол іздегеніміз секілді, ата-аналар да ноутбук іздеп сандалып кетпесе деп отырмыз. Білім министрі қашықтан оқыту үшін 700 мың компьютер қажеттігін айтты. Бұл проблеманы шешу керек. Көпбалалы отбасыларға партия тарапынан көмек болса, олардың балаларын мектепке дайындаса деген ұсыныс бар. Жастардың біліміне үлкен мән беруіміз керек», - дейді ол.

Айта кетейік, биыл маусым айында танымал саясаттанушы Ерлан Саиров «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасын құрған болатын. Оның құрамына қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, журналистер мен блогерлер кірген. 

Серіктес жаңалықтары