Айя София мешітінде 86 жылдан кейін бірінші рет жұма намазы оқылды
Кеше Түркияның Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Али Эрбаш Айя София мешітінің үш имамын тағайындады
Түркияның Ыстамбұл қаласындағы әйгілі Айя София ғимараты қайтадан музейден мешітке айналып, 86 жылдан кейін бірінші рет жұма намазы оқылып жатыр.
Мешітке 1000-нан аса халықпен бірге Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның өзі де келді. Бұл шараға Әзербайжан басшысы шақырылды. Euronews-тің хабарлауынша, ғимараттың еденіне жасыл кілем төселіп, қабырғадағы христиан дініне қатысты суреттер пердемен жабылған. Мәриям ана мен Иса пайғамбардың бейнелері де жасырылған.
1500 жылдық тарихы бар, ЮНЕСКО-ның жәдігеріне айналған Айя София о баста, яғни 537 жылы Византия императоры Юстинианның бұйрығымен православтық христандардың шіркеуі ретінде салынған. 1453 жылы Осман империясы билікке келіп, Мехмет ІІ ғимаратты мешітке айналдырды. 1934 жылы Түркия өзін зайырлы мемлекет ретінде көрсетіп, Айя Софияны музей қылды.
Жақында Түрік соты Айя София ғимаратына қатысты музей мәртебесін жойып, «Ғимаратқа мешіттен басқа мәртебе беру – заңсыз» деп мәлімдеді. Бұл шешім әлемнің көптеген саяси және діни көшбасшылары тарапынан сынға ұшырады. Әсіресе, Грекия мемлекеті тарапынан ашық қарсылық болды. Афина Анкараның бұл қадамын «Бүкіл православтарға тасталған үндеу» деп таныды. ЮНЕСКО ұйымы Түркияның бұл шешіміне өкінетінін, мұндай әрекеті, әсіресе миллиондаған православтар тұратын Грекиямен арадағы қарым-қатынасына сызат түсіретінін жеткізген. Ал Түркия басшысы Ердоған Айя Софияның мәртебесі Түркияның «өз шешімі, ішкі жұмысы» деп есептейді.
Мешіттегі жұма намазын Euronews тікелей эфирде көрсетіп жатыр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан