«Тоқаевпен 2023 жылы кездескен едім»: Кения президенті Нью-Йоркте болған ерекше сәтті еске алды

Оның пікірінше, дәл осы кездесу екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа сатысына жол ашқан

«Тоқаевпен 2023 жылы кездескен едім»: Кения президенті Нью-Йоркте болған ерекше сәтті еске алды
Фото: Ақорда

Бүгін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Кения президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірнеше жыл бұрын кездескен сәтін еске алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Ақорда жазады. Дереккөзге сүйенсек, Уильям Руто Қасым-Жомарт Тоқаевпен 2023 жылы Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында кездескенін атап өткен. Ол осы жүздесу екі елдің арасында 1993 жылы қаланған қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға негіз болғанын жеткізді.

«Президент мырза, Найроби қаласында тұрақты елші тағайындау туралы шешіміңіз Сіздің және Үкіметіңіздің Қазақстан мен Кения арасындағы байланыстарды ілгерілетуге маңыз беріп отырғандарыңызды байқатады. Менің сапарым – елдеріміздің ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін нақты қадам. Оған еш күмән жоқ. Өзара сауда-саттықты арттыру бағытында айтарлықтай әлеуетіміз бар деп ойлаймын», – деді Кения президенті.

Ақорданың мәліметінше, тараптар сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өндірісі, жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық технологиялар, электрондық үкімет, ғарыш, қаржы және туризм секілді салаларда серіктестікті нығайту перспективасын талқылады.