Тоқаев Ердоғанның әйелі бастамашы болған жобаны белсенді қолдайтынын айтты
Эмине Ердоған БҰҰ аясында аса маңызды «Zero Waste» жобасын ұсынған
Бүгін Түркия президентімен кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия елінің Бірінші ханымы ұсынған «Zero Waste» жобасына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Айта кетейік, бұл жоба қоқыстарды қайта өңдеп, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.
«Президент Түркия елінің Бірінші ханымы Эмине Ердоған Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында аса маңызды «Zero Waste» жобасын ұсынып, ауқымды жұмыс атқарып жатқанына тоқталды», - деп хабарлайды Ақорда.
Президенттің пікірінше, Эмине Ердоғанның бұл жобасы Қазақстандағы «Таза Қазақстан» жобасымен мазмұндас.
«Осы бастама елімізде жүргізіліп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасымен үндес екенін ерекше атап өткім келеді. Сондықтан біз Эмине ханымның аса қажетті жобасын белсенді түрде қолдаймыз», – деді Тоқаев.