Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ердоғанды қалай қарсы алды (ФОТО)
Ақорда Түркия президентін Астанада салтанатты қарсы алу рәсімінің фото және видеосын жариялады
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды қарсы алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі Астанада түрік көшбасшысын салтанатты қарсы алу рәсімінің фото және видеосын жариялады.

Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға жұбайы Эмине Ердоғанмен бірге келді.

Еліміздің шекарасына енген сәттен Астана әуежайына дейін Түркия Президентінің бортына Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің ұшақтары қапталдаса ұшты.

Түркия Президентінің келуіне орай трап алдында Құрмет қарауылы ротасы сап түзеді.



Екі елдің жалаушаларын ұстаған балалар Режеп Тайип Ердоған бастаған Түркия елінің ресми делегациясына:
«Ata yurda hoş geldiniz!» – «Атажұртқа қош келдіңіз!» деп екі тілде қошемет көрсетті.



Сол сәтте Түркия мен Қазақстан туларын желбіреткен тікұшақтар алаң үстімен ұшып өтті.

Әуежай терминалында жас өнерпаздар Түрік елінің көшбасшысына арнап «Домбыра» композициясын орындады.

