«Енді билікке таласқан әкімдер тең түссе, бір ай ішінде қайта дауыс жинай алады»: Жұманғарин заң жобасын таныстырды
Бұл тетік егер дауыс беру бойынша үміткерлердің дауысы бірдей болған жағдайда енеді
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланып жатыр. Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, заң жобасы өткен сайлау науқандарында анықталған мәселелерді шешуге және сайлау заңнамасын жетілдіруге бағытталған.
«Әкімді сайлау кезінде қайта дауыс беру мәселелері регламенттеліп жатыр. Әкім лауазымына кандидаттардың жинаған дауыстары тең болған жағдайда аумақтық сайлау комиссиясы бір айдың ішінде қайта дауыс беруді өткізу туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ кандидаттарды ұсыну процесі ретке келтірілді.Мәселен, бір тұлға бір мезгілде мәслихат депутаттығына және әкімге кандидат бола алмайды, сондай-ақ бірнеше сайлау округтері бойынша да әкімдікке кандидат болуға тыйым салынады», - деді Жұманғарин.
Оның айтуынша, ақпараттық алаңдарда сайлау алдындағы үгіт-насихат мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Онлайн-платформаларды» пайдалану кезінде кандидаттарға үгіт материалдарын орналастыру үшін тең жағдайлар қамтамасыз етілді. Егер кандидат белгілі бір саяси партиядан ұсынылса, ол сол партияның ресми интернет-ресурстарын және әлеуметтік желідегі аккаунттарын қосымша келісімшартсыз пайдалана алады. Яғни, кандидат партиялық платформаларда үгіт-насихат материалдарын жариялай алады. Кандидаттар мен саяси партияларға сайлау қорларынан тыс қаржыландыру тартуға тыйым салынды», - деді ол
Жұманғарин атағандай, сенімді тұлғалар институтына қатысты мәселелер реттеледі.
«Енді 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы ғана сенімді тұлға бола алады.Сондай-ақ, ол Президенттікке, депутаттыққа және әкімдікке кандидат немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшесі бола алмайды. Кандидаттарды қолдау үшін қол жинау тәртібі нақтыланды. Әкім болуға ұсынған кандидатқа қол жинау сайлау округіндегі елді мекендер санының жартысының өкілдерін және сайлаушылардың жалпы санының 1%-н қамтуы тиіс. Сайлау комиссияларының мүшелеріне қойылатын талап күшейтіледі. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін, сондай-ақ ауыр немесе аса ауыр қылмыстар үшін сотталған азаматтар сайлау комиссияларының құрамына кіре алмайды», - деді Серік Жұманғари.
Сонымен қатар, сайлау комиссиялары мүшелерінің жауапкершілігі де артады.
«Енді комиссия мүшесі тарапынан лауазымдық өкілеттіктердің бұзылуы анықталған жағдайда тиісті комиссия оған ескерту жасауға құқылы болады және 6 ай ішінде бұзушылықтар қайталанса оның өкілеттігін тоқтату мүмкіндігі көзделіп отыр. Сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттіктерін уақытша тоқтату мәселесі реттелді. Енгізілетін түзетулер арқылы академиялық және бала күтімі бойынша демалысқа шығуына байланысты олардың өкілеттіктерін уақытша тоқтата тұру мүмкіндігі белгіленді. Өкілеттіктері уақытша тоқтатылған комиссия мүшесінің орнына, жоғары тұрған комиссия сол кезеңге тиісті мүшені тағайындайды», - деді ол.
Жұманғарин атағандай, сайлау комиссиялары мүшелерінің жаңадан құрылған немесе қайта ұйымдастырылған әкімшілік-аумақтық бірліктердегі өкілеттік мерзімі нақтыланды.
«Сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi бес жылды құрайды. Жаңадан құрылған немесе қайта құрылғаннан кейін қалыптастырылған әкімшілік-аумақтық бірліктерде сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеттік мерзімі барлық комиссиялардың қалған мерзімдеріне сәйкес белгіленді. Сайлау учаскелерін құру мәселелері қаралды. Алдағы уақытта вахталық әдіспен еңбек ететін орындарда, сондай-ақ қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде сайлау учаскелерін құру мүмкіндігі қарастырылады. Ұсынылған нормаларды қабылдау сайлау процесінің ашықтығын арттыруға, оған қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге және белгіленген рәсімдердің қатаң сақталуын қамтамасыз етеді», - деді ол.