Астанаға келген бір топ президент RES 2026 EXPO көрмесін аралап көрді (ВИДЕО)
Олар Өңірлік экологиялық саммиттің көрме павильондарын аралады
Бүгін Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында бірнеше елдің президенттері мен шетелдік делегациялардың басшылары RES 2026 EXPO жасыл және орнықты технологиялар халықаралық көрмесіне барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда жазғандай, Қазақстан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан Түрікменстан, Өзбекстан президенттері менбасқа да мәртебелі меймандар Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның павильондарын тамашалады. Мұнда жасыл энергетика мен табиғи ресурстарды басқару салаларындағы ұлттық басымдықтарға ден қойылған.
Экспозициялар орнықты экожүйені сақтауға, қоршаған ортаны қорғау саласында ынтымақтастық орнатуға, экологиялық мәселелерді шешудің тың тәсілдерін қарастыруға, Арал маңын қайта қалпына келтіруге үндейді.
Мемлекет басшыларына аймақ елдеріндегі бизнестің экожобалары көрсетілді. Аталған бастамалар аясында компаниялар жасыл энергетика, экологиялық орта қалыптастыру және қалдықтарды қайта өңдеу бағыттарында өндірістік шешімдер ұсынады. Көрме әлемнің 30 елінен келген 240-тан астам қатысушы мен халықаралық серіктестердің басын қосты. 120-дан аса павильонда орнықты даму саласындағы озық бастамалар көпшілік назарына ұсынылды. Мемлекет пен бизнес арасындағы диалог алаңына айналған инвестициялық форум ерекше маңызға ие. Экспозицияда орнықты даму мен экологияның өзекті мәселелері талқыланатын халықаралық кездесулер, сарапшылар арасындағы пікірталастар өтіп жатыр.