Сәуірде күн +35 градусқа дейін ысиды – осыған байланысты Олжас Бектенов «галстуксыз» кездесу өткізді

Қазір премьер-министр Абай облысында жұмыс сапарымен жүр

Сәуірде күн +35 градусқа дейін ысиды – осыған байланысты Олжас Бектенов «галстуксыз» кездесу өткізді
Фото: үкімет

Олжас Бектенов Абай облысында Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штаб отырысын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет таратқан видео және фотоматериалдарға сүйенсек, жиын «галстуксыз кездесу» форматта өткен.

Олжас Бектенов 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселесін қарап, министрлер мен әкімдердің есебін тыңдаған.

«Өрт қаупі бар кезең болса енді ғана басталып жатыр. Бірқатар өңірде табиғи қорықтар мен орман шаруашылықтарының аумағы жанды. Далалы жерлерде де өрт ошақтары күн сайын тіркеледі. Даладан басталған қызыл жалын орман қорына ауысуы мүмкін. Өрттер флора мен фаунаға айтарлықтай зиян келтіреді. Барлық қызметтер жедел әрекет етуге дайын болуы керек», - деген Бектенов жиын басында.

Осы өрттерге қатысты мәлімет ұсынған Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Қазгидрометтің» болжамына сүйене отырып, күн ысыған соң, орман өрті қауіпі де күшейетінін болжаған.

«Жыл басынан бері еліміздің орман алқаптарында жалпы ауданы 794 гектардан асатын 36 өрт тіркелген. «Қазгидромет» болжамына сәйкес, 2026 жылдың көктем-жаз маусымы қалыпты көрсеткіштен 1-2 градусқа ыстық болады деген болжам бар. Сәуір айының екінші жартысында оңтүстік және батыс өңірлерде ауа температурасы +25...+35°C-қа дейін ысуы мүмкін», - деген  Нысанбаев.

Жиын қорытындысы бойынша Бектенов бірқатар министрлер мен облыс әкімдеріне тиісті тапсырма берді.