$ 479.02  551.11  5.82
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Парламент сайлауы жаңа сессияның ашылуына дейін өтеді – президент

Президент сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтауды тапсырды

Парламент сайлауы жаңа сессияның ашылуына дейін өтеді – президент
Фото: istockphoto.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында парламент сайлауы жаңа сессияның ашылуына дейін өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президент алдымызда ауқымды жұмыс тұрғанын, мемлекетті жан-жақты жаңғырту жолы енді ғана басталғанын айрықша атап өтті.

«Дүние дүрбелеңге толып, айналамызда тұрақсыздық белең алған жағдайда бұл жолды еңсерудің оңай болмайтыны, түрлі кедергімен бетпе-бет келетініміз анық. Алайда жолдың қиындығына қарамай, алға қадам басуымыз керек. Ол үшін ұлтымыз ауызбіршілік танытып, жауапты әрі жасампаз патриотизмнің, терең білім мен кәсібиліктің үлгісін көрсетуі қажет. Біз көздеген мақсатымызға жетеміз. Жеңімпаз болуға міндеттіміз!», - деді Тоқаев салтанатты жиында.

Айтуынша, бүгіг қол қойған Жарлық Ата заң ережелерін жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен шараларын айқындайды.

«Көп ұзамай Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Сонымен қатар сегіз конституциялық заңға және 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу қажет. Заң шығару үдерісі алдағы парламент сайлауымен қатар жүреді. Сайлауды жаңа сессияның ашылуына дейін өткізу жоспарланып отыр. Сол уақытқа дейін тиісті заңнамалық база әзірлеуді толықтай аяқтаған жөн», - деді президент.

Тоқаев елімізді құқықтық және саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті, келесі жылы да жалғасуы мүмкін екенін айтты.

«Алдымызда қазіргі билік институттарын реформалап, жаңасын құру, сондай-ақ олардың құрылымы мен кадрлық құрамын өзгерту міндеті тұр. Конституцияның тың қағидаттары құқықтық, экономикалық, қоғамдық-саяси өміріміздің, басқаша айтқанда, тұтас тыныс-тіршілігіміздің ажырамас бөлшегіне айналады», - деді мемлекет басшысы.