Қазақстанның Азаматтық Альянсы мен Ұлттық волонтерлік желінің өкілдері референдумда қалай жұмыс істеді
Ұйымдар референдум кезіндегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын бағалады
Қазақстанның Азаматтық Альянсы референдум кезіндегі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жоғары бағалап, олардың өкілдеріне шын жүректен алғыс айтты, деп жазады Azattyq Rýhy альянстың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Альянстың ресми парақшасында жазылғандай, республикалық референдум жай ғана дауыс беру науқаны емес, ұлттық бірліктің шынайы көрінісіне айналды.
«Сайлаушылардың 73 пайыздан астамының қатысуы және азаматтардың шамамен 90 пайызының Конституцияның жаңа редакциясын қолдауы — бұл жай ғана статистика емес. Қазақстанның Азаматтық Альянсы үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне, қоғамдық белсенділер мен волонтерлерге терең ризашылығын білдіреді. Сіздер ауқымды жұмыс атқардыңыздар: еліміздің әрбір өңірінде, қаласы мен ауылында ашық диалог жүргізіп, азаматтарға конституциялық реформалардың мәні мен маңызын терең түсінуге ықпал еттіңіздер. Сіздердің қажыр-қайраттарыңыз бен кәсібиліктеріңіз осы референдумның шынайы «үніне» айналды», - деп жазылған Альянстың парақшасында.
Ал, Ұлттық волонтерлік желінің төрайымы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысында Қазақстанда волонтерлікті қолдауды конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс білдірді. Бұл бастама комиссия жұмысы аясында қолдау тауып, кейінгі конституциялық өзгерістерде өз көрінісін тапты.
«Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы республикалық референдумдағы дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы санының 73,12 %-ын құрады. Референдумға шығарылған мәселе бойынша оң шешімді қолдап дауыс берген азаматтардың саны 87,15 %-ды құрады. Жаңа Конституцияның қабылдануы волонтерлікті дамытуға және волонтерлік қозғалысты нығайтуға кең мүмкіндіктер ашады. Бүгінде волонтерлер әлеуметтік, экологиялық және гуманитарлық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосып, ел бойынша мыңдаған жанашыр азаматтарды біріктіріп отыр», - деп хабарлайды Ұлттық волонтерлік желінің баспасөз қызметі.