Тәуелсіз бақылаушылардың болуы – қоғамдық жауапкершілік: «Халық үні» тобы референдумды бақылайды
Алматыда арнайы жиын өтті.
15 наурызда елімізде өтетін республикалық референдум қарсаңында Қазақстанның белсенді азаматтары тәуелсіз бақылаушылар ұйымдарын құрып, дауыс беру процессін бақылайтынын жариялауда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сондай бастамашыл топтың бірі – «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы. Бүгін Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, бақылаушылық институттың маңыздылығы жайлы айтты.
Қазір саясаттанушылар – Нұрболат Нышанбай, Бекнұр Кисиков, Нұргелді Әбдіғани, Исламбек Дастар бастаған топ еліміздің бірқатар өңірінде бақылаушыларды даярлау, оқыту жұмыстарын үйлестіріп жатқанын айтады. Олар алдағы референдумда «Халық үні» бақылаушылар тобының атынан дауыс беру учаскелерінде бақылаушылық жасауға даярлануда.
«Біз Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Түркістен секілді бірнеше өңірде бақылаушыларды оқыту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Референдум күні біз өзіміз оқытып, даярлаған бақылаушыларды учаскелерге кіргізуге, референдум барысын бақылауға ниеттіміз. Біздің бұл істе тәжірбиеміз де жеткілікті. Осыған дейін елімізде өткен сайлаулар мен референдумдарда бақылаушылық жасап, бақылаушыларды оқыту жұмыстарын жасағанбыз. Бүгінде біздің қатарымызда Қазақстанға тәуелсіз бақылаушылық институтын алғаш әкелгендердің бірі, сақа саясаткер Дос Көшім, Бекнұр Кисиков бастаған ағаларымыз бар. Шын мәнінде, тәуелсіз бақылаушылардың болуы – қоғамдық жауапкершілік. Өйткені, тәуелсіз бақылаушы дегеніңіз – қоғамның әрбір сергек саналы азаматы деген сөз. Сіз де, сіздің айналаңыздағы белсенді азаматтар да бақылаушылық жасай алады. Ол үшін біз секілді бастамашыл топтардың қатарына қосылу керек. Елмен бірге, елдің мүддесін қорғау әрбіріміздің парызымыз», - дейді «Халық үні» бақылаушылар тобын құруға бастамашы болған саясаттанушы Нұрболат Нышанбай.
Ал белгілі публицист, саясаттанушы Бекнұр Кисиков:
«Кез келген саяси процесс – тәуелсіз бақылаушыларсыз әділ өтпейді. Соңғы жылдары елімізде тәуелсіз бақылаушылар мен топтар көптеп құрылуда және бұл жақсы үрдіс. Бұл қоғамның саяси белсенділігі артып келе жатқанын көрсетеді. Біз қазір «Халық үні» атынан бақылаушыларды оқытып жатырмыз. Бұл қыз-жігіттер ертең учаскелерде бақылаушылық жасайтын болады. Бізден көбіне «бақылаушыларға не бере аласыңдар?» деп сұрайды. Біз бақылаушыларға ақша немесе материалдық игіліктер бере алмаймыз. Бірақ, біз бақылаушылар өз тәжірбиемізді үйретудеміз, білгенімізді айтып, білімімізбен бөлісудеміз. Оның үстіне, бақылаушылардың өздері де бұл істе материалдық игілік жоқ екенін жақсы біледі. Тәуелсіз бақылаушымыз деп жүрген азаматтардың барлығы, тіпті мейлі біздің ұйым немесе басқалар болсын, әділ, таза сайлау ұстанымы үшін жүрген азаматтар», - дейді.
Журналист Исламбек Дастан:
«Біз «Халық үні» бақылаушылар тобы атынан Тараз қаласында бақылаушыларды оқытып, даярлап жатырмыз. Алдағы референдумда біздің бақылаушыларымыз өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып, референдумның таза өтуіне үлес қосатын болады. Жалпы тәуелсіз бақылаушылардың болуының өзі әрбір учаскеге салмақ болады. Тәуелсіз бақылаушылар отырған учаскелер мен бақылаушылар отырмаған учаскелердегі қорытынды нәтижелердің өзі-ақ, көп дүниеден хабар береді», - дейді.
Ал халықаралық сарапшы Нұргелді Әбдіғаниұлы: «Біздің бұған дейінгі жинаған тәжірбиелерімізге сүйеніп, мынаны айта аламыз: Тәуелсіз бақылаушылар – кез келген электоралды науқанда дауыс берудің әділ, таза өтуіне бірден-бір мүдделі топ. Соңғы жылдары елімізде ондаған тәуелсіз бақылаушы ұйымдары құрылып жатыр. Бұл қуандады. Тәуелсіз бақылаушы топтардың қарасы көбейген сайын, қоғамда сенім де пайда болады. Дауыс беру процесстері де жүйелене түседі. Ашықтық пен тазалыққа біртабан жақындай түсеміз. Бүгінде біздің қатарымызда жастар көп. Жастардың ел ішіндегі болып жатқан саяси науқанға бей-жай қарамауы – екі есе жақсы тенденция. Өйткені, өзгерісті қалайтын да, жасайтын да жастар», - дейді.