$ 489.17  576.63  6.38
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бас прокуратура референдумға қатысты заңнаманы бұзған 2 жеке тұлға, 2 заңды тұлғаны жазалады

Сондай-ақ, сауалнама қорытындысын тиісті дерексіз жариялауға қатысты 1 факті тіркелген

Бас прокуратура референдумға қатысты заңнаманы бұзған 2 жеке тұлға, 2 заңды тұлғаны жазалады
Фото: gov.kz

Бас прокуратура республикалық референдумға қатысты заңсыз қоғамдық пікірге сауалнама жүргізген 3 факті мен сол сауалнаманың қорытындысын тиісті дерексіз жариялауға қатысты бір фактіні тіркеді, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Осыған байланысты, Бас прокуратура қазақстандықтарға үндеу жариялап, референдумды өткізудің тәртіптерін түсіндірген.

«Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 2026 жылдың 15 наурызында «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауалға республикалық референдум өтеді.  Оны әзірлеу мен өткізу тәртібі «Республикалық референдум туралы» және референдум туралы заңнамаға қайшы келмейтін бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңдарымен реттеледі. Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңының 7-1-бабына сәйкес республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес оған дайындық пен өткізу кезеңінде жүруі тиіс», - деп түсіндірген Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Сондықтан, құзырлы орган хабарлағандай, бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

«Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы. Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауал салу жүретін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер жазылады»,  - деп түсіндірген Бас прокуратура.

Заңға сай, қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жарияланбауы керек. Сондай-ақ сайлау күнi дауыс беретін учаскеде сауалнама жүргізуге болмайды. Бас прокуратура осы және өзге де референдум заңнамасын бұзған фактілер туралы мәлімет берді. Айта кетейік, бұндай заң бұзудың жазасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабында жазылған.

«Осы уақытқа дейін 4 заң бұзу фактісі анықталды. Оның ішінде республикалық референдумға қатысты заңсыз қоғамдық пікірге сауал салуға қатысты 3 факті, сауал салудың қорытындыларын тиісті деректемелерсіз жариялауға қатысты бір факті», - деп хабарлайды Бас прокуратура.

Заң бұзғандардың арасында екі жеке тұлға, екі заңды тұлға бар.

«Аталған фактілер бойынша прокуратура органдары екі азамат пен бір заңды тұлғаны Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға айыппұл салды. Сонымен қатар бір баспа басылым иесі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 1-бөлігі бойынша қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнама нәтижелерін заңда көзделген міндетті деректерсіз жариялағаны үшін жауапкершілік арқалаған», - деп хабарлайды Бас прокуратура.