«Алматы, Қонаев, Талдықорған көшелеріне әскери техника шығады»: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады
Бұл – жоспарлы тексеру
Бүгін, 16 ақпаннан бастап 18 ақпанға дейін Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларының көшелерінде әскери техника жүреді. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі көшеден әскери техника көрген адамдарға байбаламға түспей, жалған ақпарат таратпауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, бұл техникалар Қорғаныс министрінің Қарулы Күштердің әскери басқару органдары мен әскери бөлімдерінің жоспарлы тексеруіне байланысты қозғалады.
«16–18 ақпан аралығында Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында әскери техника қозғалады. Соған байланысты автожолдардың жекелеген учаскелерінде қозғалысқа уақытша шектеу енуі мүмкін», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.
Қазақстан Республикасының азаматтарын, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін және әлеуметтік желі қолданушыларын жалған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз.