Халық кеңесінің қызметі Ата заңымыздың жаңа редакциясында жан-жақты айқындалуы тиіс – Алтынбеков
Алтынбеков бұл ұсыныстың маңыздылығына тоқталды
Бүгін Конституциялық кеңестің түстен кейінгі отырысында қорытынды сөз алған «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекзат Алтынбеков Халық кеңесінің қызметі Конституцияның жаңа редакциясында жан-жақты айқындалуы керек деген ойын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз Конституция нормаларының жобасын талқылай отырып, еліміздегі жаңғырудың куәгері болып отырмыз. Бұл реформалар ескіні жоққа шығару емес, әлемдік геосаяси ахуал талаптарын ескере отырып, мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы дамудың тың бағытын таңдау екенін ерекше атап өткім келеді. Осы орайда біз талқылап отырған әрбір өзгерістің өз мазмұны мен маңызы бар», - дейді ол.
Оның айтуынша, Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында күн тәртібіне мүлде жаңа бастамалар шығып, болашақтың жарқын бағдары нақтыланды. Ол сондай-ақ Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың тарихи мәні зор әрі айрықша жауапты миссиялары табысты аяқталғанын атап өтіп, «енді жаңа институт ретінде Қазақстанның Халық кеңесін құруды ұсынамын» деген тарихи мәлімдеме жасағанын еске салды.
«Президенттің бұл бастамасын қазақстандық қоғам оң қабылдап, белсенді түрде қолдау білдіруде. Бұл – қоғамдық сананың жаңғыруын айқын көрсететін маңызды құбылыс. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде мен Қазақстанның Халық кеңесінің құқықтық мүмкіндіктері мен қызметі Ата заңымыздың жаңа редакциясында жан-жақты әрі нақты айқындалуы тиіс деп санаймын. Осыған байланысты ортаға салынған ұсыныстарды, атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Халық кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін қорғайтын жоғары консультативтік орган болып табылады» және «Қазақстан Республикасының Халық кеңесінің құрамы Қазақстан Республикасының азаматтарынан жасақталады» деген нормаларды қолдаймын», - деді ол.
Сөзін қорытындылаған ол «жаңғыру дәуірінде аса зор тарихи миссия атқаруға тиіс Қазақстан Республикасының Халық кеңесінің қызметі мен өкілеттігі, құқықтары мен міндеттері осылайша Ата заңда нақты айқындалған жағдайда ғана оның жұмысы баянды әрі нәтижелі болады» деген ойын айтты.