$ 501.79  595.07  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Адамның жеке өмірге деген құқығы басымдыққа ие болады - депутат деректерді қорғау туралы ойын айтты

Башимов бірқатар ұсыныстарды қолдады 

Адамның жеке өмірге деген құқығы басымдыққа ие болады - депутат деректерді қорғау туралы ойын айтты
Фото: freepik.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Марат Башимов Конституциялық комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде жеке деректерді және отбасылық құпияны қорғау әрбір азаматтың бостандығы мен қауіпсіздігінің кепілі ретінде конституциялық нормаға айналуы тиіс екенін атап өтті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Дәлірек айтсақ, Башимов азаматтардың жеке деректерін қорғауды Конституцияда бекіту жөніндегі бастаманы қолдаймын дейді.

«Біз адам құқықтарына қатысты конституциялық түзетулерді маңызды түрде талқыладық. Осы орайда жеке деректерді қорғауға арналған ұсынылып отырған бапты қолдағым келеді. Ол Конституцияның 18-бабына — жеке өмірге қол сұқпау, жеке және отбасылық құпияға енгізілмек. Мұның барлығы Қазақстан азаматтарының Конституцияда бекітілуі тиіс жеке құқықтары мен бостандықтарына жатады», - деп атап өтті депутат.

Оның айтуынша, жеке құқықтар мен бостандықтар демократиялық және құқықтық мемлекеттің негізі.

«Демократиялық және құқықтық мемлекетті қалыптастыруда ең жоғары құндылығында жеке құқықтар мен бостандықтар конституциялық құқықтар жүйесінде жетекші орын алады. Бұл құқықтардың басты мақсаты — жеке адамның өміріне қол сұқпау және дербестігін қамтамасыз ету, мінез-құлықтың түрлі нұсқаларын кедергісіз таңдауға мүмкіндік жасау», - деді Башимов.

Депутат жеке деректерді қорғаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Нақтырақ айтқанда, адамды оның жеке бостандығына қатысты кез келген араласудан, соның ішінде мемлекет тарапынан да қорғау қажеттігін айтты.

Ол «құпия» ұғымының конституциялық мәніне де кеңінен тоқталды.

«Конституциялық «құпия» ұғымы адамның жеке ақпаратына оның еркінен тыс заңсыз әрі негізсіз қол жеткізуге жол берілмейтінін білдіреді. Жеке құпияға адамның интимдік қатынастары, сондай-ақ денсаулық жағдайы туралы мәліметтер кіруі мүмкін», -  деп толықтырды депутат.

Башимов қолданыстағы заңнамада жеке деректерді қорғауға қатысты нормалар бар екенін де атап өтті.

«Қазіргі таңда «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңның 11-бабында шектеулі қолжетімділігі бар жеке деректерге қол жеткізетін операторлар мен үшінші тұлғалар олардың құпиялылығын қамтамасыз етуге және дерек субъектісінің келісімінсіз таратуға жол бермеуге міндетті екені көрсетілген. Жеке және отбасылық құпиялар азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін бірқатар мамандық өкілдеріне сеніп тапсырылған. Олар — дәрігерлік және адвокаттық құпия, алдын ала тергеу және нотариаттық іс-әрекеттердің құпиясы. Конституцияда әрбір азаматтың жеке деректерді, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдана отырып, заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғалу құқығын айқындау қажет», — деді мәжілісмен.

Марат Башимовтың пікірінше, бұл нормаларды Конституцияда бекіту азаматтардың құқықтық қорғалуын нығайтуға және олардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болады.