Вице-президент лауазымы билік сабақтастығын және стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз етеді - депутат
Бұл билікті шоғырландыру емес, мемлекетті алдын ала болжап басқаруға бағытталған заманауи әрі салмақты шешім, дейді ол
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Максим Рожин Конституциялық комиссияның отырысында талқыланып жатқан өзгерістерді ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік деп атады. Депутаттың сөзінше, комиссия елдің тұрақтылығына, мемлекеттік басқару сапасына және азаматтардың билікке деген сеніміне тікелей ықпал етеді. Ұсынылған түзетулер елде жүріп жатқан реформалардың логикалық жалғасы болып табылады және қоғамның сұранысын айқындайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазіргі қоғам белсенді әрі талапшыл, бірақ шашыраңқы диалог алаңдары кейде жалпыұлттық мүддені толық қамти алмайды. Сондықтан ұсынылған Халық кеңесі формалды жаңалық емес, объективті қажеттілік болып табылады. Бұл кеңес - халық үніне құлақ асатын, дағдарысқа жауап беретін, мемлекетшіл қызметтің демократиялық арқауы. Кеңес заң шығару үдерісіне араласу, ұсыныс жасау мүмкіндігіне ие, бұл ұлттық және әлемдік тәжірибенің озық үлгісі. Сонымен қатар, кеңес құрамына этностар, өңірлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді, бұл мемлекеттің қоғаммен алтын көпір арқылы байланысын қамтамасыз етеді», - деді ол.
Депутат атағандай, болашақта Құрылтай Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беру арқылы билік арасындағы тепе-теңдікті күшейтеді, демек әділет пен бақылау тек ұран емес, нақты жұмыс істейтін тетікке айналады.
«Президент саяси жүйенің негізгі тұлғасы әрі тұрақтылық кепілі. Вице-президент лауазымы билік сабақтастығын қамтамасыз етеді, төтенше жағдайларда басқару үзілісін алдын алады және жауапкершілік иерархиясын нақты айқындайды. Вице-президент президенттің ұсынысымен және Құрылтайдың келісімімен тағайындалады, депутат, кәсіпкер немесе партия қызметкері бола алмайды. Бұл билікті шоғырландыру емес, мемлекетті алдын ала болжап басқаруға бағытталған заманауи әрі салмақты шешім», - деді депутат.
Ол ұсынылып отырған конституциялық түзетулер билік тармақтарын күшейтіп, мемлекеттің стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз ететінін айтты.