Парламентті Құрылтай деп атай отырып, дәстүрімізге деген құрметті қайта жаңғыртамыз - Елнұр Бейсенбаев
Мұндай тәжирибе әлем елдерінде қолданылады
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Конституциялық комиссияның отырысында болашақ парламентті Құрылтай деп атауға арнайы тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол атап өткендей, парламентті Құрылтай деп атау тарихи тұрғыдан да, қазіргі заман тұрғысынан да оның табиғатын аша түседі.
«Ежелден ұлт тағдырын айқындаған, ел үмітін арқалап, халықтың аманатын ашық талқылаған тарихымыздағы алғашқы демократиялық институт – бұл Құрылтай. Енді Президент сол жауапкершілікті болашақ парламентке, саяси партияларға жекелей жүктеп отыр», - деді депутат.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, парламентті Құрылтай деп атай отырып, тарихи байланысты өзіміздің тамырымызға, ұлттық рухымыз бен дәстүрімізге деген құрметті қайта жаңғыртамыз.
«Халықаралық тәжірибеге сүйенетін болсақ, әлем елдері өздерінің саяси мәртебесін айқындау үшін ұлттық парламенттеріне міндетті түрде тарихи атаулар береді. Мәселен, Израильде заң шығарушы орган - Кнессет, Германияда - Бундестаг, Латвия мен Литвада - Сейм, Жапонияда - Коккай. Әр ұлт өзінің тарихы мен өткен сындарлы саяси құрылымына сай дәстүрлі атауларға басымдық береді. Елдің саяси архитектурасы осылай айқындалады», - деп қорытындылады депутат.