Ашық әрі жария түрде: Конституциялық комиссия негізгі ұсыныстарды жария етті
Вице-президент депутат бола алмайды және саяси партияға мүше болмайды
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Астанада өткен Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында жаңадан ұсынылып отырған вице-президент лауазымына қандай функциялар жүктелетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістер бойынша, вице-президенттің өкілді органның депутаты болуға құқығы жоқ. Сонымен қатар ол кәсіпкерлікпен айналыса алмайды, басқа да ақы төлейтін лауазымдарды атқара алмайды және саяси партияға мүше бола алмайды.
«Вице-президент үшін депутаттық мандат, партияға мүше болуға тыйым салу, кәсәпкерлік және басқа да ақы төленетін қызметтермен айналыспау сияқты шектеулер еліміздің Ата заңында қарастырылған шектеулерге ұқсас. Мұндай талаптар бұл лауазымның саясиландырылмаған әрі кәсіби сипатта болуын қалыптастырады. Сонымен қатар вице-президент Президенттің тапсырмасымен елдің сыртқы өкілдігін қамтамасыз етуге, биліктің негізгі институттарымен өзара іс-қимыл жасауға, сондай-ақ азаматтық қоғаммен, ғылыми және мәдени қауымдастықпен және сарапшылармен байланысты нығайтып, диалогты дамытады. Бұл өкілеттіктер базалық сипатқа ие және қажет болса президент оны нақтылауы мүмкін», - деді ол.
Министрдің айтуынша, вице-президент лауазымын енгізудің артықшылықтарының бірі — мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын қамтамасыз ету. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, елді уақытша вице-президен басқарады.
Егер вице-президент президенттің өкілеттігін өзіне қабылдай алмаған жағдайда, бұл өкілеттіктер Құрылтай төрағасына өтеді. Ал Құрылтай төрағасы да президенттің өкілеттігін қабылдай алмаса, ол премьер-министрге беріледі.
Президенттің өкілеттігін өзіне қабылдаған тұлға вице-президенттің, премьер-министрдің және Құрылтай төрағасының өкілеттіктерін қатар атқармайды, яғни өзге мемлекеттік лауазымдардағы өкілеттіктерін тоқтатады. Бұл жағдайда бос қалған мемлекеттік лауазымдар Конституцияда көзделген тәртіппен толықтырылады.
Вице-президент — қажетті легитимділікке ие жария лауазымды тұлға болып саналады деп атап өтті Сәрсембаев.