Тәуелсіздіктің 35 жылдығын ас та төк науқаншылдыққа айналдырмау керек – Тоқаев
Президенттің айтуынша, бұл жылы өткенді ой елегінен өткізіп, болашаққа жоспар құратын сәт
«Turkistan» басылымына көлемді сұхбат берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан тәуелсіздігіне 35 жыл толатынын және бұл жыл ел үшін есеп беретін жыл болатынын мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Президенттің айтуынша, «бұл жылдары жетістіктермен қатар, қателіктер де болғанын» айтты.
«Мемлекет құру ісінің куәгері болған және бұл іске атсалысқан азамат ретінде «осы жылдарда Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін өте көп жұмыс атқарылды» деп айта аламын. Иә, жетістіктермен қатар, қателіктер де болды. Онсыз мүмкін емес қой?! «Білмейтін жолдың ой-шұңқыры көп» деген сөз бар. Қалай болғанда да, еліміз бұралаңы көп, бағдары бұлыңғыр, күрделі жолды жүріп өтті. Жер жүзінде Қазақстанға тілеулестік білдіргендер аз болған жоқ, бірақ жымысқы ниет танытқандар да бар еді. Өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың басында шетелдерде «қазақтардың қолынан ештеңе келмейді» деген пікір айтылып жатты. Өйткені, демографиялық ахуал мен кеңес дәуірінен қалған саяси және экономикалық жағдай табысты мемлекет құруымызға қолбайлау болатындай көрінді. Өмірдің өзі бұл болжамдарды жоққа шығарды. Қазақстан экономикасы қарқынды дамып жатқан, халықаралық беделі жоғары, табысты мемлекетке айналды. Бірақ, алдымызда тәжірибесі мол азаматтарға да, жастарға да ортақ орасан зор жұмыс бар», - деді Тоқаев.
Президент биыл «жұмыс көп болатынын», «осы жылы ауқымды саяси өзгерістердің жаңа кезеңі басталады, экономикалық реформалар жалғасын табатынын» айтты. Бірақ, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы ас та төк той болмайды деді.
«Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығы – еліміз үшін айтулы дата әрі осыған дейін жүріп өткен жолымызды ой елегінен өткізіп, болашаққа жоспар құратын сәт. Тәуелсіздіктің мерейлі белесін ас та төк науқаншылдыққа айналдырмау керек, бұл Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символы болуға тиіс», - деді Тоқаев.