$ 517.66  606.49  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мәжіліс Парламентаризм институтының жұмысын жоғары бағалайды – Еспаева

Институттың қызметі қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға ықпал етті дейді депутат

Мәжіліс Парламентаризм институтының жұмысын жоғары бағалайды – Еспаева
Фото: gov.kz

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева Астанада өтіп жатқан Еуразиялық форумның қатысушыларын Парламентаризм институтының құрылғанына 5 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еспаеваның айтуынша, депутаттардың негізделген әрі сапалы заңнамалық шешімдер қабылдауы үшін қоғамның пікірі, оның қажеттіліктерін зерделеу және қазіргі ахуалды талдау аса маңызды.

«Бұл ретте мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Парламентаризм институтына ерекше рөл жүктеліп отыр. Парламент Мәжілісі институттың жүргізіп отырған сараптамалық жұмысын және депутаттық корпуспен ынтымақтастық форматын жоғары бағалайды. Оның зерттеу қызметі мен құқықтық актілерге жасаған талдауының арқасында қабылданатын шешімдердің сапасы артып жатыр», - деді ол Мәжіліс ғимаратында «Парламентаризм: құқықтық негіз, даму жолы және болашақ келбеті» тақырыбында өтіп жатқан Еуразиялық форумында.

Еспаева қоғамда әділдікке деген сұраныс артып отырған жағдайда Парламенттің билік пен азаматтар арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі рөлі күшейіп жатқанын атап өтті.  Айтуынша, Парламент күнделікті қызметінде президент жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын белсенді түрде ілгерілетіп келеді.

«Осы орайда Мәжілістің Қоғамдық қабылдау бөлмесінде депутаттар өткізетін азаматтарды қабылдау кездесулері мұндай өзара байланыстың аса қажет екенін көрсетіп отыр. Тек осы сессия басталғалы бері депутаттарға өз мәселелерімен шамамен 1 300 адам жүгінген. Бұл цифр қазақстандықтардың депутаттарға деген сенімі жоғары екенін көрсетеді», - дейді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Осы орайда Еспаева арнайы құрылған консультативтік-кеңесші орган – Қоғамдық палатаның маңызына тоқталды.

«Ол Мәжілістің қазақстандықтар үшін ашық екенін айқын көрсетеді. Бұл диалог алаңының жұмысына қоғам өкілдері, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері тартылған. Айта кетері, Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата жоғары сараптамалық әлеуетке ие. Жуырда қабылданған елдің Ішкі саясат тұжырымдамасында Қоғамдық палата Қазақстан халқы Ассамблеясы және Ұлттық құрылтаймен қатар елдегі танылған қоғамдық институттардың қатарына енді», - деп атап өтті ол.

Еспаеваның айтуынша, бүгінде Мәжіліс депутаттары заң шығару бастамасы құқығын белсенді жүзеге асырып жүр. Осы шақырылымның өзінде депутаттар 116 заң жобасына бастамашы болған. Бұл Парламент қараған барлық заң жобасының үштен бірін құрайды. Оның ішінде депутаттық бастамалардың жартысы (64) заң күші бар құжатқа айналып, президент қол қойған.

«Әріптестер, өздеріңіз көріп отырғандай, Қазақстан Парламенті – үнемі парламенттік тетіктер мен рәсімдерді дамыту бағытында жұмыс істейтін белсенді орган. Бұл қазіргі заман талабына бейімделген, салмақты,  негізделген заңнамалық шешімдер қабылдауға ықпал етеді. Қазіргі жағдайда бұл бастамалар бұдан да ауқымды өзгерістермен толыға түсуде. Бүгінде Қазақстан мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды саяси реформаның – еліміздің жоғары заң шығарушы органын трансформациялаудың бастауында тұр. Алдағы парламенттік реформа – осыған дейін қолға алынған барлық саяси өзгерістердің заңды жалғасы. Бұл реформа еліміздің саяси жүйесіндегі заң шығарушы органның рөлін арттыра түседі деп сенемін», - деді Еспаева.

Серіктес жаңалықтары