Иран Қазақстанда сүт комбинатын салады - Тоқаев
Оның қуаты жылына 200 мың тонна өнім шығаруға жетеді
Иранның Solico Group компаниясы елімізде жылына 200 мың тонна өнім шығаратын сүт комбинатын салады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан-Иран бизнес форумында белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бизнес-форумда сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту қажеттігіне назар аударды.
«Иран – Қазақстан астығын сатып алатын негізгі елдің бірі. Былтыр агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 220 миллион долларға жетті. Ал биылғы он айдың ішінде астық саудасы 280 миллион долларға жуықтады. Біз ауыл шаруашылығына инвестиция салатын кәсіпкерлерді қолдаймыз. Қазіргі таңда бірқатар бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Иранның Solico Group компаниясын ерекше атап өтуге болады. Бұл компания елімізде жылына 200 мың тонна өнім шығаратын сүт комбинатын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ балаларға арналған тағам өнімдерін даярлау ісін қолға алмақшы. Бұған қоса, Kourosh Food Industry компаниясы Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отырғанын білеміз. Осы компания елімізде өсімдік майын шығаратын және құс шаруашылығын дамытатын кәсіпорындар ашқысы келеді. Тағы да атап өткім келеді: біз ынтымақтастық орнатуға қашанда дайынбыз. Сондықтан Иран кәсіпкерлерін бірлесіп жұмыс істеуге, Қазақстанда заманауи өндірістер ашуға шақырамын», – деді Тоқаев.
Айта кетейік, бұл күндері Иран президенті Қазақстанда сапарлап жүр.