$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.05.2024, 18:28
Кейіпкер

Көп адамдар менің орыс екенімді ұмытып кетеді – қазақ отбасының келіні

Қазақтың салт-дәстүрін өте жақсы білемін - Кристина Крюкова

Көп адамдар менің орыс екенімді ұмытып кетеді – қазақ отбасының келіні
Фото: Кристина Крюкова

Қазақ тілінде емін-еркін сөйлейтін орыс қызы Кристина Крюкова бірнеше жылдан бері отбасымен бірге Қосшыда тұрады.  Мен жолдасыммен де, балаларыммен де қазақ тілінде тілдемін. Маған қазақ тілінде сөйлеу ыңғайлы әрі жайлы дейді қазақ отбасының келіні, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жұма сайын шелпек пісірем»

Мен қазақ тілін кішкентай кезден бастап білемін. Өзім қазақтың қаймағы саналатын киелі Ұлытау өңіріненмін. Қазақ ауылында  туып-өстім, айналам толған қазақтар. Қазақтың салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын өте жақсы білемін. Қазақтың тағамдарының  ішінде бесбармақ, қуырдақты жақсы көрем және оны дәмді етіп дайындаймын деп айта алам. Құрт жасаймын. Бауырсақ пісірем. Қазірге дейін әр жұма сайын шелпек пісірем. Өзімнің туып-өскен отбасым үлкен. Құдайға шүкір, отбасымда 5 баламыз, үш ағайым және сіңілім бар. Біз де қазақ отбасылары сияқты тату-тәтті, бауырмалмыз. Бір-бірімізді іздеп, үнемі хабарласып отырамыз. Менің анам  тәрбиеші болып жұмыс жасайды. Әкем медицина саласында еңбек етеді. Олар қазір мен туып-өскен Ұлытауда тұрып жатыр. Екі ағайым да сол жақта.  Үшінші ағам мен сіңілім Қарағандыда тұрады. Мереке сайын мүмкіндігінше жиналып, бір-бірімізге қонаққа барғанды жақсы көреміз. Маған қазақтардың бауырмалдығы қатты ұнайды. Бізде бұл дәстүр берік сақталған.

«Ұлтым орыс болса да тілім мен жаным қазақ»

Мен жолдасыммен Қарағандыда студент болған кезде таныстым. Екеуміз ол кезде Қарағандыдағы медициналық университетте оқитын едік. Кейін үйлендік. Өмірлік жолдасымның отбасы да өзімдікі сияқты береке-бірлігі мығым, тату болды.  Екінші анам, енем бухгалтер болып жұмыс жасайды. Ал атам кәсіпкер. Жолдасым дәрігер. Үш ұл тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлым 12 жаста. Қосшы қаласындағы IT мектепте үздік оқушы.  Екінші ұлым 9 жаста ол да жоғарыда айтқан мектепте оқып жатыр. Биыл 4-сыныпқа өтеді. Ол да озат оқушылардың бірі. Мен қазір бала күтіміне байланысты үйде демалыстамын. Кіші ұлым енді 2 жасқа толады. Өзімді қазақтың қыздарынан кем санамаймын. Ұлтым орыс болғанмен, тілім мен жаным қазақ, тәбием қазақ. Ата мен ене алдындағы, аға мен бауыр алдындағы сыйластықты сақтауға, ағайынның арасындағы береке-бірлікті нығайтуға өзімнің үлесімді қосып жүрмін деп ойлаймын. Ұлдарыма да қазақша тәлім-тәрбие беремін. Қазір ата-енеммен бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатырмыз.

«Оқушыларға қазақ тілінен үй тапсырмасын орындауға көмектесем»

Қазір үйде уақытша демалыста отырмын. Кей кездері балам, сыныптастарын өзімен бірге алып келіп, «мама, оларға қазақ тілінен тапсырма орындауға көмектесші» дейді. Мен баламның өтінішін жерге тастамай, достарының қазақ тілі пәні тапсырмаларын орындауға көмектесіп жүрмін. Бұл менің хоббиім десем де болады (күлді - авт). Маған орыс тілінен қарағанда қазақша сөйлесу ыңғайлы. Өзімді ол тілде жайлы сезінемін.

«Қосшыда адамдардың дені қазақша сөйлейді»

Мен Ұлытаудан Қарағандыдағы университетке оқуға түскен кезде байқағаным, ондағы адамдардың көпшілігі орыс тілінде сөйлейтіні. Қарағандыда жүрген 10 жылда мен қазақ тілін ұмыта да бастадым (күлді - авт). Ал Қосшыда сәл басқаша. Осында көшіп келгенімізге 2 жылдай уақыт болды. Өте риза болып жүрмін, мұндағылардың көпшілігі қазақша сөйлеседі. Автобуста, көшеде, қоғамдық орындар мен дүкенде қарым-қатынас тілі қазақша. Сондықтан да маған олармен әңгіме-дүкен құрған маған өте жайлы. Өзімді комфорт ортада жүргендей сезінемін. Мен қазақша сұрап, сөйлеп жатқан кезде көп адамдар таңданысын білдіріп, қалай таза қазақша сөйлейсіз деп жатады. Өзім қазақша сөйлеген кезде мені біреу мақтасын, айтсын деп ойламаймын. Мүмкін маған осылай ыңғайлы болған соң шығар...

«Мені анам кішкентай кезден қазақ қыздары сияқты тәбиеледі»

Қазақ отбасына келін болу мүлде қиын болған жоқ. Өйткені кішкентай кезімнен қазақтар арасында жүргендіктен қазақ болып кеттім. Қазақтар қызын қалай тәрбиелейді, мені де анам солай тәрбиеледі. Келін болып түскен жылдары қызықтар өте көп болды. Орыс қыз алды дегеннен кейін жолдасымның туыстары, жолдас-жоралары келіп, қалай екен деп мені қарап кететін жағдайлар жиі кездесетін. Қалай шәй құяды, қалай жүріп-тұрады бәрін қарайтын. Шәй құйып отырған кезде олар менен әдейі бірдеме қазақша сұрайды, мен қазақша жауап берем. Сосын олар таңғалған сыңаймен тағы бірдемелер сұрайды. Бір күні үлкендеу кісі келіп сен сұрақтардың жауабын бәрін қалай жаттап алдың деді!? Мен сол кезде күліп, сіздің нені сұрап тұрғаныңызды жақсы түсініп тұрмын, мен қазақша өте жақсы білемін дедім. Осындай типтегі жағдайлар мен келін болып түскеннен кейін бір жыл бойы жалғасты. Кейін келе бәрі менің қазақ екеніме үйреніп алды. Тіпті ұлтымның орыс екенін ұмытып та кетті

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Қосшы