Көпбалалы ана Ақтөбеде оқу орталығын ашты

Azattyq Rýhy

Жаңа оқу жылынан бастап орталық оқу бағдарламасы негізінде толық жұмыс істейтін болады

Көпбалалы ана Ақтөбеде оқу орталығын ашты
Фото Венера Ардашеваның

Венера Ардашеваның бұл кәсіпке келуіне Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы мамандарының ықпалы зор. Себебі бала күтімімен үйде отырған қарапайым ана осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде «Бастау-Бизнес» бағдарламасы туралы естіп, мән-жайды білу үшін палатаға келеді. Осы кезден бастап бизнестегі барлық қадамдарын «Атамекенмен» бірге жүзеге асырып келе жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Венера Ардашева — көпбалалы ана. Бүгінде өз қаражатына оқу орталығын ашқан ол алдағы уақытта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы бизнесін кеңейтуды жоспарлайды. Қайда жүгіну керек және қандай құжаттар пакеті қажет бірінші кезекте Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында кеңес берілді.

«2020 жылы кәсіпкерлер палатасында «Бастау-Бизнес» бағдарламасы жайында мол мағлұмат алдым. Бизнес бастау үшін тәуекелге бару керектігін түсіндім. Есеп-қисап, бизнес-жоба құру, маркетингтік талдауға басымдық беру — бизнес ашудағы алғашқы қадамдар. Сондықтан 2021-2022 жылдарды осы бағытта оқуға арнадым», — дейді Венера.

Бүгінде Ақтөбе қаласының көне бөлігінде «Kel, Balalar» оқу орталығын ашқан кәсіпкер бұл кәсіптің қоғамға қаншалықты қажет екенін білу мақсатында көп ізденіп, талдау жүргізген. Бұл істе оған жолдасы ерекше қолдау танытыпты.

«Бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Биыл диплом аламын. Тұңғышымыздың жасы — 14-те, ал кенжеміз — үш айлық. Алайда көпбалалы ана ретінде үйде қол қусырып отырғанды жөн көрмей, бір нәрсемен айналысу керектігін түсіндім. Ойлана келе, оқу орталығын ашуға бекіндім. Себебі баламен жұмыс жасағанды жақсы көремін әрі мамандығым да осы іске келіңкірейді. Орталық ашу туралы ойымды жолдасым да құптады. Ол вахталық әдіспен жұмыс істейді. Сөйтіп, оның демалысында екеулеп оқу орталығын қаланың қай бөлігінен ашуды ұзақ ойластырып, талдау жүргізуге кірістік», — деп бөлісті Венера Ардашева.

Оның айтуынша, орталыққа сұраныс болу керек.

«Егер сұраныс болмаса, онда бизнесің құрдымға кетеді. Ақтөбе қаласының Есет батыр тұрғын алабында тұратындықтан, әуелі осы маңнан ашуды көздедік, бірақ мұндағы 4-ауданда мұндай орталықтың барына көз жеткіздім. Құрмыш ауданына мұндай орталықтың қажет екенін осы ауданда көше бойы тұрғындарға жүргізген сауалнамам мен талдауымның арқасында жақсы түсіндім», — дейді орталық жетекшісі.

Қазір Венера бір ғимараттың үш бөлмесін жалға алып отыр. Екі ауысымда жүзге тарта баланы оқытуға жағдай жасауға кіріскен. Ол үшін кәсіпкер өз қаражатына жаңа парталар мен орындықтар, оқуға, көрнекілікке қажетті құрал-жабдықтар сатып алыпты. Жұмысты биыл сәуірде бастап кетті. Қазір жиырмаға тарта балаға дәріс беріп жатыр. Қарамағымда 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған. Оның бірі логопед маман болса, екеуі — басауыш сынып мұғалімдері. Қазір орталықта жазғы лагерьге бала қабылданып жатыр.

«Орталық ашуда Ақтөбе облыстық палатасы тарапынан жүргізілген семинар, тренингтер көп пайдасын берді. Осындай іс-шараларға қатысудың нәтижесінде көптеген адамдармен танысып, кәсіпкерлермен жақын араласа бастадым. Үйде отырған қарапайым анадан орталық жетекшісі болуға дейінгі аралықта көп еңбектенуіме тура келді. Әсіресе бухгалтерлік есептерді жүргізу үшін палатадан тегін кеңес алудың арқасында осындай дәрежеге жеттім.  Орталық ашып, өз алдыма бизнесімді бастасам да, әлі күнге дейін палата мамандарынан кеңес алып отырамын. Олар қай уақытта барсам да, хабарлассам да тегін кеңес беруге дайын», — дейді орталық жетекшесі.

Венераның айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап орталық оқу бағдарламасы негізінде толық жұмыс істейтін болады. Ол алдағы уақытта «Darabala.kz» бағдарламасы негізінде жұмыс жүргізу тәсіліне көшуді де ойластырып отыр

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.