ШұғылCOVID-19: 22 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр

Елордалық оқушы шетелдік 6 университеттен шақырту алды

Колумбия және Корнелл секілді университеттер қазақстандық түлекті студент ретінде қабылдауға дайын

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Аделина Елемесова Плющ лигасының екі бірдей университетіне оқуға түсті. Сонымен қатар АҚШ, Қытай сынды тағы басқа мемлекеттердің ЖОО-ларынан шақырту алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Елемесовтер отбасына бірнеше елден сүйінші хабар жетті. Аделинаның әлемдегі ең беделді университеттерге қабылданғаны туралы ресми хаттар келді. Плющ лигасының Колумбия және Корнелл сияқты ең әйгілі университеттері қазақстандық түлекті студент ретінде қабылдауға дайын. Сондай-ақ, талапты жас Northwestern University (АҚШ), Amherst College (АҚШ), YaleNUS (Сингапур), Duke Kunshan University (Қытай) оқу орындарынан шақырту алды.

Бүгінгі күні Аделина қай университетті таңдайтынын ойланып жүр. Ол өзінің болашақ мамандығын ғылым және жасанды интеллект саласымен байланыстырғысы келеді.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық бакалавриат (IB) Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Аделина Елемесова – еріктілер қозғалысының және TEDx жобалардың белсенді қатысушысы, теннистен қалалық және республикалық турнирлердің чемпионы.

Эльмира Мәмбетқызы