Қазақ хандығының билік жүйесі: жас ғалым тың мәліметтерімен бөлісті

Аян Бекжанұлы

Жас ғалым қазақтың салт-дәстүрін, тарихын әлеуметтік желі арқылы да насихаттамақ

Қазақ хандығының билік жүйесі: жас ғалым тың мәліметтерімен бөлісті

«Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді» деген ұлы бабамыз. Талай-талай қас батырлар жанын қиып, қорғап қалған жеріміз ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жетті. Тарихымызды түгендеп, өткенімізді жаңғырту жолында ғылыми ізденістер ерекше қажет-ақ. Ал оны қарапайым тілмен жеткізіп, өскелең ұрпаққа насихаттау үлкен еңбекті қажет етеді. Жас ғалым Алмас Тоқсанбаев көшпенді елдердің билік жүйесін зерттеумен айналысып жүр. Azattyq Ruhy тілшісімен сұхбаттасқан ғалым ізденіс жолындағы тың мәліметтерімен бөлісті.

Айтуынша бұл бағытта зерттеу жұмысы бұрын-соңды жүргізілмегендіктен үлкен ізденісті қажет етеді.

«Ғылым жолымды 2017 жылдан бастап қалыптастырдым. Әлі де қалыптастырып жүрмін. Тарихшы болғаннан кейін орта ғасырдағы тарихты зерттеумен айналысамын. Ғылыми жұмысым – көшпенді елдердегі билік мәселесінің тарихнамасы. Бізде қазақ хандығы туралы оқысақ, Тәуке мен Қасымнан басқа хандардың заңдық жүйесі, басқару аппараттары немесе олардың билік атрибуттары, тақтары, тәждері, сарайлары, құжаттары туралы тақырыптар толықтай зерттелмеген. Шыны керек, бізде мінген аты мен соғысқаны, өлгені, биліктің мұрагерлікпен келгені ғана мәліметтер бар. Ал мемлекеттің негізгі сипаты – сол елдің билік жүйесі. Оның сабақтастығы да зерттеуді қажет етеді», - дейді Алмас Тоқсанбаев.

Міне осы мәселе өте өзекті тақырып болғаннан кейін ғалым ары қарай тереңінен зерттеуді жөн көріп, білек сыбана кіріскен екен. Осылайша сонау сақ-ғұндардан бастап Алаш ордаға дейінгі барлық биліктің сабақтастығын зерттеу жұмысын қолға алған.

«Қазір ғылыми ізденіс үстіндемін. Монографиясын шығару ойымда бар. Маған дейін бұл тақырып зерттелмегеннен кейін біраз уақытымды алып отыр. Әрі көбірек ізденісті қажет етеді. Сол сияқты зерттеу барысында тілдік кедергілер де қиындық тудырып отыр. Өз басым ағылшын, түрік тілдерін білгеніммен ғылыми ізденісіме аздық етіп отыр. Енді араб тілін меңгеру арқылы ескі шағатай тіліндегі жазбаларды оқып, сол жердегі құжаттарды аударуым қажет. Қолға алған тақырыбымды осылайша ғылымға енгізбесек бүгінге дейін атүсті жазылған ғылымнан асатын жаңалық әкелу мүмкін болмай тұр. Бұл ғылыми жұмысым алдағы 4-5 жылда жемісін беретін шығар деп ойлаймын», - дейді ғалым Алмас Тоқсанбаев.

Ол сөзін жалғай отырып, Алтын орда, Ақ Орда ыдырағаннан кейін барып Керей мен Жәнібек тұсында ғана Қазақ деген атқа ие болғанымызды еске салып өтті.

«Ғылыми жұмысымды билік жүйесін үшке бөліп зерттеймін. Біріншісі – Түркілік дәуір. Нақтырақ айтқанда Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы мемлекеттеріндегі билік жүйесіне тоқталамын. Екіншісі – Қазақ хандығы. Территориялық жағынан Керей мен Жәнібек хандарымыздың бөліп, бүгінгі мемлекетіміздің түпқазығын құрған мемлекетпен салыстырамыз. Үшіншісі – орыстардың келуі. Сонау сақтардан бастап орыстарға дейін сақталып келе жатқан билік схемасының бұзылуына тоқталып өтемін, ары қарай алашордалықтардың бұрынғыдай монорхиялық емес республикалық бағытта жандандыру арқылы жасалған схемасымен байланыстырамын», - дейді ол.

Әңгіме арасында ғылыми ізденіс бағытында Түркиядағы Анкара Қажы Байрам Вели университетінде алған тың дүниелері туралы қозғап өтті.

«Түркиядан алған білімім оған дейін оқыған әдебиеттерімізді басқа қырынан танытуға үлкен себеп болды. Қазіргі айналысып жүрген жұмысымның негізгі бөлігі түрік ғалымдарының еңбектеріне негізделіп тұр. Себебі жоғарыда айтқанымдай Қазақ хандығындағы билік жүйесінің айтылмай кетуіне кеңес заманындағы түрлі шектеулер себеп болған. Оның үстіне ол заманда Қазақстанда мемлекеттік болмаған деген қате түсінікті санаға келісіп жазған кітаптармен сіңірмек болған. Міне мемлекеттік жүйеміз осы себепті дұрыс жазылмай қалған.

Ал Түркияға барғанымда жергілікті ғалымдар орта ғасырлардағы мемлекеттер туралы мыңдаған еңбек жазып тастаған. Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Әмір Темір ұлысы, Қазақ хандығы деген секілді еңбектердің саны шексіз. Сол сияқты Осман империясы мен Қазақ хандары арасында жазылған хаттардың да саны есепсіз екен. Сол себепті бізде орыс ғалымдарының кітаптарымен шектеліп қалмай түрік, ағылшын ғалымдарының еңбектерін қолданысқа енгізу керек деп ойлаймын», - дейді жас ғалым.

Алмас Қорғаджанұлы сөзін жалғай отырып, бүгінге дейін осы бағытқа қатысты 170-тен астам әдеби кітап жинағанын айтып өтті.

«Бұл кітап қорым түріктердің Алтын Ордаға, Жошы ұлысына, Қазақ хандығына қатысты жазған ғылыми еңбектер мен мақалалардан тұрады. Меніңше әлем ғалымдары жазған, біздің қоғам үшін тың дүние болатын ғылыми еңбектерді мектеп бағдарламаларына қарапайым тілмен түсінікті етіп енгізу қажет.

Мұндай кітап қорын жинауыма докторантурада оқып жүріп, Түркияға барып тәжірибеден өтуім үлкен себеп болды. Сол кезде тағылымдамадан құнды дүниелер жинау үшін 2-3 айдың ішінде түрік тілін ауызекі тілде сөйлейтін дәрежеге жеткіздім. Міне тіл білуім осылайша үлкен мүмкіндіктер ашуыма себеп болды. Ал тіл білмесем кітапханаларға барғаныммен түк бітірмей, базар аралап, қыдырып қана қайтар ма едім. Бұл ақылды Түркиядағы жетекшім Алматыға келген сапарында айтқан еді. Қазақстаннан келетін жастар тіл үйреніп бір-ақ келсін, болмаса келгенінен өзіне ешқандай пайда таппайды, деген еді ұстазым», - деп Алмас Тоқсанбаев еске түсірді.

Сөзін жалғай отырып, 2018 жылы өзімен бірге Түркияға барған қазақстандық жас ғалымдардың жетістігін тілге тиек етіп өтті.

«Екі ауыз сөздің басын құрай алмайтын біз намысқа тырысып, екі-үш айда тілді меңгеріп қана қоймай небәрі бір жарым айдың ішіндегі ізденісіміздің нәтижесінде ең жоғары балдарды алдық. Сонда түркиялық ғалымдар қазақстандық жастардың – біздің ілім жинап, ғылымға деген талпынысымызды көріп, еріксіз таңдайларын қақты. Міне осы жолды ары қарай дамытып келе жатырмыз», - деп басынан өткен оқиғамен бөлісті.

Әңгіме арасында қазір өз бастамасымен Instagram желісі арқылы «1 миллион видео» деген жобасын бастағанын айрықша атап өтті.

«Бұл жобамды төрт бөлікке бөлдім. Олар – «Тарих», «Тұлға», «Салт-дәстүр» және «Сөз қадірі». Міне осы төрт бағытта бір миллион видео түсіреміз деп шешім қабылдадым. Себебі әлеуметтік желіні ашып қалсақ тарих туралы жазылған ешқандай дүние жоқ. Құнды дүниелеріміздің бәрі кітапханаларда шаң басқан күйде қалып отыр. Бұл шын мәнінде ғылыми ізденісімнен бөлек өз бастамаммен қолға алып отырған дүнием. Тарихымызды, мәдениетімізді осылайша насихаттауды жөн санадым. Бұл жастардың ғылымға бетбұруына септігін тигізеді деп үміттенемін», - деп жас ғалым сөзін тәмамдады.

Алмас Қорғаджанұлы – Жетісу облысының Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылында туып өскен. Мектеп бітіргеннен кейін Әл-Фараби атындағы Тарих факультетіне оқуға түсіп, білімін жетілдірген. Көп ұзамай магистратураға түсіп, ұстаздық жолын қосымша қатар алып жүрген. Ал еңбек жолын мектепте мұғалім болудан бастапты. Ары қарай ЖОО-ларда дәріс берген. Көп ұзамай ғылым жолындағы ұстаздарының кеңесімен докторантураға дайындалып, оқуға түскен. Міне ғылымға осылайша келіпті. Айтуынша докторантураға түскеннен кейін және оған дейінгі ғылым деген түсініктің айырмасы жер мен көктей болыпты.

Қорыта айтар болсақ ғылым кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Білім инемен құдық қазғандай деген нақыл сөз ғалымдарға арналғандай.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.