$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.02.2023, 13:29
Кейіпкер

Мемлекет паралимпиадашыларды Олимпиада спортшыларымен тең дайындаса екен - Сиязбек Далиев

Пара спортшы 2024 жылы өтетін XVII жазғы паралимпиада ойындарына лицензия ұтып алуға ниетті

Мемлекет паралимпиадашыларды Олимпиада спортшыларымен тең дайындаса екен - Сиязбек Далиев

2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада және паралимпиада ойындарының лицензиясына талас биыл басталады.

Азия және Еуропа чемпионы, жүзуден Әлем кубогының иегері, Токио -2020 Паралимпиада ойындарының қатысушысы Сиязбек Далиев те паралимпиада ойындарына жолдама ұтып алуға ниетті. Бұл туралы ол Azattyq Ruhy тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«Жақында қарқынды дайындық басталады. Себебі биыл лицензия берілетін жыл. Оған дейін Азия ойындары және әлем чемпионаты сынды турнирлар болады. Соларға қатысу арқылы лицензия ұтуға мүмкіндік болады», - дейді ол.

Сиязбектің өмірбаяны мен спортқа келу жолы туралы БАҚ беттерінде талай мәрте жазылды. Алайда спортшының бастан кешкен оқиғасы қазір де, болашақта да мүмкіндігі шектеулі көп азаматқа үлгі болатыны анық. Бала Сиязбекті кәсіби спортқа әкелген ата-анасы еді. 

«Бұрындары Астана қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы болды. Сол жерде Михаил Еременко есімді параспортшы жүзуге қатысқан, оның да екі қолы жоқ. Ол Ресей біріншілігіне қатысып, сонда орын алып, артынша оның аты түрлі газеттерге шықты. Ата-анам соны көргеннен кейін мені де осы спортқа әкелді. Оның үстіне менде үлкен психологиялық травма болды. Өйткені мен 12 жасқа дейін он екі мүшесі сау адам едім. Ал екі қолымнан айырылғаннан кейін қалыпты өмірге қайта оралу оңай болған жоқ. Бірақ дәрігерлер физикалық қозғалыстың керектігін айтты. Бассейннің жарақат алу қауіптілігі аз болғандықтан, осы спорт түрін таңдадым. Оның үстіне суда жүзудің пайдасы зор, мұнда бұлшық еттер жақсы қозғалады. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қозғалыс өте маңызды. Жүзуге келген алғашқы жылдарымды еске алатын болсам, ол кезде оңай болған жоқ. Мен ол уақытта Астана маңындағы Ильинка деген жерде тұрдым. Әсіресе қысты күндері бассейннің суы да салқын болатын. Ұзақ уақыт жаттыға алмайтынмын, себебі жиі суық тиіп қалатын. Спортты кәсіби түрде қолға алған кезде жаттығуларды үзуге болмайды. Салдарынан кейбір аурулар асқынып та кететін. Бірақ ол қиындықтың бәрі артта қалды», - деп еске алды пара спортшы.

Сиязбек Далиев спортқа бала күнінен әуес болғанымен, кәсіби түрде айналысамын деп еш ойламаған. Алайда жарыстардағы жеңістер оның кәсіби мансабына жол ашқан.

«2008 жылдың аяғында университетке түсер алдында маған белсенді түрде спортпен шұғылдану керек болды. Бірақ менің осы саланы «бағындырамын» деген ынтам болған жоқ. Кейінірек жарыстарға қатысқан кезде сәл-пәл қызыға бастадым.  Өз-өзіме деген сенімділік пайда болды. 2009 жылы бірінші рет халықаралық жарысқа қатыстым, ол жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары болды, жарыс Токиода өтті. Сол жерде мен жүлделі орынға ие болып, кеудемді ерекше қуаныш кернеді. Сол жылдардан кейін елімізде де пара спортшыларға көптеп көңіл бөліне бастады», - дейді Сиязбек.

Токио-2020 паралимпиада ойындары қазақстандықтардың ерекше есінде қалды. Өйткені олимпиада ойыншылары еншілей алмаған алтында паралимпиада спортшылары алып берді. Айта кетерлігі, бұл Сиязбек Далиевтің қатысқан алғашқы паралимпиада ойындары. Пандемиямен қатар келген спорттық доданың оңайлықпен өтпегені сөзсіз.  

«Негізі пандемия Токио олимпиадасына кері әсерін тигізгені сөзсіз. Өйткені дайындықтар тиісті деңгейде болған жоқ. Жаттығуларымызға уақытылы бара алмадық, көп спортшылар өздерінің спорттық формаларын жоғалтып алып жатты. Ол кезде көбі үй жағдайында жаттығуларды жасаумен ғана шектелді, бұл тек жалпы физикалық форманы ғана ұстап тұруға көмектесетін тәсіл. Ал су спортшыларына ең бірінші кезекте әрине, бассейн керек. Егер тұрақты түрде жүзбесе, спортшының бұлшық еттері соған үйреніп қалады. Міне, сол үшін паралимпиадаға аз уақыт қалған кезде бар-жоғы бірнеше ай ішінде спорттық бабымызды қайта қалпына келтірумізге тура келді.

Токио олимпиадасына қатысу мен үшін үлкен қуаныш сыйлады. Төрт жылда бір келетін әлемдік додада ел атынан өнер көрсету мен үшін үлкен абырой болды. Жалпы мен олимпиада ойындарына қатысамын деп ешқашанда ойламаппын. Мұндай ой-арман тек үлкен жарыстарға қатысқаннан кейін ғана пайда болды», - дейді Сиязбек.

Токио ойындарында спортшының басты қарсыластары Қытай елінен болған еді. Сондай-ақ, Бразилия елінің де пара спортшылары осал болмады. Сиязбектің айтуынша, олардың дайындық жүйелері біздікінен өзгерек. Нақтырақ айтқанда, олардың жаттығу процесстері олимпиада спортшыларымен қатар жүргізіледі. Тиісінше, жүктемелері де олимпиадашылармен пара-пар деуге болады. Қаражат мәселесі де екі бағытқа тең үлестіріледі. Сиязбек Далиев осы мәселелерді айта отырып, ел Үкіметіне құлаққағыс жасады.

«Мәселен Қытай елінің паралимпиадашылары бір жыл бойы оқу-жаттығу жиынында болады. Ал бізде ондай мүмкіндіктер жоқ. Бізде көп болса, 2-3 аптаға ғана жібереді. Мемлекет бізді, яғни паралимпиадашыларды олимпиада спортшыларымен тең дайындаса екен деген ниетіміз бар. Мемлекеттің олимпиада спортшыларына деген көзқарасы бөлек, солардан көбірек жеңіс күтеді. Ал бізді, яғни мүгедектерді «бастысы үйде отырмаса, спортпен айналысса, қоғам ортасында өздерін еркін ұстаса» деген оймен көбірек қолдайды. Бірақ паралимпиада ойындары да тура олимпиада ойындары сынды. Бізде де өзімізге лайықты қарсыластарымыз бар. Бізде де жеңілген кезде стресс болады. Егер де паралимпиадашылар олимпиада спортшылары сынды дайындалса, біз де өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе аламыз. Өткен Токио паралимпиада ойыны соның дәлелі болды. Оның үстіне паралимпиадашылар үшін мұндай жарыстар үлкен мотивация береді. Мұндай адамдар оңай беріле салмайды, мінез-құлық пен жігерлері де мықты. Жасыратыны жоқ, көбі жарыста жеңімпаз атанып, өзінің материалдық жағдайын жақсартқысы келеді. Сол үшін Үкімет бізге көзқарасын өзгретсе, спорттың да деңгейі біршама көтерілер еді. Әрине, паралимпиада спорты біздің елде кенже қалып қойған деп айтуға болмайды. Тек серпіні баяу», - дейді Сиязбек Далиев.

Бүгінде спортпен айналысамын деген мүмкіндігі шектеулі жандар үшін барлық жерде есік ашық. Тиісті жағдайлардың да жасалып жатқаны рас.

«Елімізде паралимпиада және олимпиада ойындарының жүлделі сыйақылары теңестірді. Бұл өте жақсы шешім болды. Өйткені бұл спортшылар үшін үлкен мотивация. Сондықтан болар, көбінің спортқа келу ниеті артқан. Бәсекелестік те жақсы байқалады. Сонымен қатар, жаттықтырушылар да мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қалай жаттықтыру керектігін жақсылап меңгеріп келеді. ЕҰУ мен спорт академиясында да паралимпиадашыларды дайындау мамандықтары ашылды, бұрындары ондай болған жоқ. Мен кәсіби спортқа келген кезімде паралимпиада деген түсінік елімізде дәл қазіргідей деңгейде болмады. Көптеген кедергідер болды, қоғамның да мүгедектерге көзқарасы мен ойы басқаша еді», - дейді пара спортшы.

Бүгінде Сиязбек жүзумен шектеліп жүрген жоқ. 2018 жылдан бастап ол таэвандоны да үйрене бастады. Тіпті жарыстарға қатысып, республиканың үздігі атанды.

«Адам бір нәрсемен ұзақ жылдар бойы шұғылдана берсе, ол одан жалығып, күйзеліске түсуі мүмкін. Сол үшін мен өзімді жан-жақты дамытуға тырысамын. Басқа спорт түріне де көңілімді аудару үшін таэквандомен айналысуды жөн көрдім. Ол да үлкен спорт түрі. Жүзуден кейін таэквандоға келу оңай болмады. Бірақ оның да өз пайдасы бар. Биыл ғана Ақсай қаласында Қазақстан кубогі өтті. Сонда мен бірінші орынды иелендім. Енді әлем чемпионатына баруға ниеттімін. Бірақ бұл спорт өкінішке қарай Азия ойындарында және паралимпиада бағдарламасының қатарында жоқ. Жалпы биыл жарысқа толы жыл болмақ, дайындық жаман емес, бұйырғанын көреміз», - деп қорытындылады Сиязбек Далиев.  

Серіктес жаңалықтары