«Аяғыңның қысқалығы 10 см-ге жетпейді»: Алматы облысында туа бітті кемшілігі бар ер адам мүгедек екенін дәлелдей алмай жүр
Дос Солтанұлының сол аяғы оң аяғынан 7 см-ге қысқа
Алматы облысының тұрғыны кемтар туғанын жауапты органдарға әлі күнге дейін дәлелдей алмай келеді. Дос Солтанұлының туа бітті кемістігі бар. Сол аяғы оң аяғынан 7 см-ге қысқа. Қиралаңдап әрең жүргенін дәрігерлер көріп, тексерсе де мүгедек жандардың қатарына жатпайсың деп қайтарып жіберген. Қысқа аяқ, қисық жамбаспен жүрген Дос Солтанұлының жағдайы соңғы кезде мүлдем қиындап кеткен.
«Жамбас сүйегімнің ұршығы орнында емес. Туғаннан аяғым осылай кеміс екен. Соңғы жылдары жағдайым тіптен қиындап кетті. Оң аяқтың тізесі ісіп, жіліншігім қақсайды. Өйткені, сол аяғым 7 см-ге қысқа болғандықтан, салмақ оң аяққа түседі. Үнемі дәрі ішіп, май жағып, әупірімдеп жүріп келемін. Таяқ ұстайтын жағдайға жеттім. Аяғым қақсағанда түнімен ұйықтай алмаймын. Денемнің салмағы бір аяғыма түскендіктен жіліншігім де қисайып, бел омыртқаларымда майысты», - деді Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны.
Дос Солтанұлы екі рет толыққанды дәрігерлік тексеруден өткен. Аяғы ғана емес, қос қолының да қисық екені анықталған. Талай жердің есігін тоздырып жүріп жинаған құжаттарын құшақтап, мүгедектікке шығаратын мамандардың алдына да апарған. Бірақ жауапты қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына оны бәрібір қоспай қойған. Тиісті шешімнің шығуына аяқтың 7 см емес, 10 см қысқа болмауы кедергі келтірген.
«Соңғы бір жылда қатты ауырып жүре алмай қалды. Мұндай адамдарды қинамай мүгедектікке шығару керек қой. Комиссия талап бойынша қысқалық тағы үш сантиметрге жетпейтінін айтқан. Қос аяқтың сәйкессіздігі, бір бірінен ұзындығы 10 см-ге жетпейді деген – адамды қорлау. Бірнеше рет барып, мүгедектік тобына шыға алмай келді. Қолы аяғына жетпейді, аяғы жерге жетпейді. Қос қолы да қисық, ішіне қарай бүгіліп қалған. Шынтағы толық жайылмайды, ашылмайды», - дейді жары Марта Дамбақызы.
«Қайта-қайта Шелекке барып құжат өткізуден де, дәрігерлік тексеруден өтуден де әбден шаршадым. Комиссияға беретін ақшам жоқ, пара бергенге қарсымын. Есесіне міне әлі күнге қисық, қиралаңдап жүрмін. Бала-шағамды асырау үшін қиналсам да ауылдан қалаға келіп жұмыс істеуге мәжбүрмін. Бір күн жұмысқа шықсам, екі күн жатып қаламын. Соңғы бір жылда қарға адым жер мұңға айналды, жүріп-тұруым қиындап барады. Ауруым жаныма әбден батты, бірақ оны түсінетін мемлекет жоқ», - деді Дос Солтанұлы.
52 жастағы тұрғынның сөзінше, өзі сияқты кемістігі бар адамдар тым болмағанда 3-топтағы мүгедектік санатына шығуға толыққанды қақылы. Әр қозғалысы қиындаған Дос үшінші рет тағы құжат жинамақ. Бірақ аудан әкімдігі құжатты қабылдауға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығы кедергі деп отыр.
«Учаскелік дәрігерге барып, тапсырған сараптамаларының қортындыларын алады. Оны облыстық комиссия қарайды. Ол комиссияның Еңбекшіқазақ ауданы бойынша жауапты мамандары Шелек ауылдық округінде отырып, тұрғындарды тексереді. Олар – облыстың штатындағы адамдар, сол себепті ауданға қарасты мекемелерге бағынбайды. Ал мүгедек екендігін дәлелдей алмай жүрген адамның жағдайы қиын екенін түсінеміз. Бір аяғының 7 см-ге қысқа болуы оңай емес. Бірақ біздің мамандар министрдің бұйрығы бойынша, аяқтың қысқалығы 10 см-ден кем болмау керек, сонда ғана мүгедек деген анықтама беріледі деп отыр. Толыққанды облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы мамандар айналысады. Медициналық әлеуметтік сараптаманың нәтижесіне қарайды», - деді Еңбекшіқазақ аудандық әкімінің баспасөз хатшысы Динара Төлемісова.