«Тігінші табу өте қиын»: ұлттық киімдерге сұраныс көп, тігетін адам жоқ
Көпбалалы аналарды тігінге үйретіп, жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер табысқа кенелудің сырын айтты
Алматының 48 жастағы тұрғыны Алтын Сейілхан ұлттық киім тігудің шебері. Бүгінде сүйікті ісінен шағын кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Әуелде музыкадан сабақ берген ол, 2015 жылдан бастап ұлттық нақышта безендірілген киім тігуді қолға алыпты. Айтуынша, сол жылдары үйде бала күтімімен отырған. Бірақ, тұрмыстың тауқыметін тарқасын отағасына салмақ салмай, несиеге компьютер сатып алады. Біртіндеп балалардың ұлттық киімінің дизайнын жасап, өз қолымен тіге бастапты.
«2004-2005 жылдары туристерге арналған қазақы қоржыны бар түйелерден кәдесый жасайтын фирмада жұмыс істедім. Ең өкініштісі, бұл фирманы шетелден келген әйел ашты. Ол ауылдағы қазақ қыз-келіншектерін алдырып, ісін дөңгелетті. Біз көз майымызды тауысып, 10 сантиметрлік қуыршақтарға оюланған ұлттық киімдер тігетінбіз. Соған қарамастан, ең төменгі айлық алатын едік. Ең қынжылтқаны, біздің ұлттық кәдейсыйымыздан қазақ емес, басқа ұлт өкілі бизнес жасап отырғаны болды. Осы кезден бастап үнемі кәсіп ашу көкейімде жүрді. Сөйтіп, бірінші қызыма ұлттық костюм тігіп көрдім. Кейін қызым баратын балабақшаның тәрбиешілері мен өзге ата-аналары да жасаған дүниемді ұнатып, тапсырыс бере бастады. Солай үйде отырып бір-екі жылда көп клиент жинап алдым. Ол кезде бір бөлмелі пәтерді жалдап тұратын едік. Тар жерге сыймаған соң, кішкентай тігін машинасы бар жертөлені жалдадым. Онда 3 жыл тынбай еңбек етіп, «Бастау» бизнес жобасына қатыстым. Өз жобамды ұсынып, оны қорғап шықтым. Сөйтіп, 506 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болдым», - дейді кәсіпкер.
Бұл қаражатқа Алтын Сейілхан сапалы тігін машинасы мен қолөнерге қажетті құралдар сатып алады. Біртіндеп жанына ине-жіпке икемі бар, қолынан іс келетін қыз-келіншектерді жинап, оларды да тігінге үйрете бастапты. Пандемия кезінде шағын ательесін үлкен цехқа айналдырып, 16 адамды жұмысқа алғанын айтады. Бүгінде кәсіпкердің қарамағында жұмыс істейтін аналардың алды 80 мың теңге табыс тапса, қалғаны 200 мыңға дейін еңбекақысын алады.
«Бізде тігінші табу өте қиын. Жұмыс көп, бірақ киімді жақсы тігетін тігіншілер жоқтың қасы. Сол себепті, карантин кезінде көпбалалы әйелдерді үйретіп, оларды жұмыспен қамтамасыз еттім. 4 миллион теңгеге құрал-жабдықтар сатып алдым. Жұмысымыз өте жақсы жүріп, табысымыз молая түсті. Күндіз-түні тынбай, медициналық қорғаныш киімдерін де тіктік. Қазір сол аналардың жартысы үйінде отырып-ақ тапсырыстарды орындап отыр. 100 мың теңге табыс тапса да, оларға үлкен көмек болады деп ойлаймын. Оның үстіне, тәжірибе жинап, шыңдала түседі», - деді Алтын Сейілхан.
Бүгінде кәсіпкер «Алтын Сейілхан» брендімен көздің жауын алар, түрлі дизайндағы қазақтың ұлттық нақыштағы киімдерін тігеді. Айтуынша, оның қолынан шыққан этно-стильдегі костюмдерге сұраныс өте көп. Әншілер мен бишілер, түрлі конкурсқа қатысушылар жиі тапсырыс береді екен. Одан қалды, қарапайым тұрғындар да ұлттық киімді фотосессия жасауға немесе тойға киюге көптеп жалға алады.
«Ұлттық киімдер қашанда сәннен қалған емес. Жылдан-жылға қайта жаңғырып, сұраныс артып келеді. Өткенде «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне қатысып, тіккен киімдерімізді сатылымға қойдық. Апарған костюмдеріміздің 95 пайызы этно-стильде болатын. Соның барлығы түгел сатылып кетті. Көз майын таусып, қазақы нақыштағы киім тігу үлкен өнер. Тиісінше, оның бағасы да қымбат болады. Мәселен, қыздарға арналған толық комплекті костюмдердің бағасы 120 мың теңгеге дейін барады. Ал ерлердің таза былғарыдан тіккен киімдерін 500 мың теңгеге дейін бағалап отырмыз. Айына кем дегенде – 30 балалар, 30 ересектер костюмін тігеміз», - деді Алтын Сейілхан.
Кәсіпкер қазір қолынан шыққан костюмдерді әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы, түрлі көрме-жәрмеңкелерде сатып жатыр екен. Болашақта кәсібін үлкейтіп, жеке дүкенін де ашқысы келеді. Әзірге басты арманы кәсіпкерлерге 5 миллион теңгеге дейін берілетін мемлекеттік грантты иемдену. Сөйтіп, заманға сай соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар сатып алмақ. Ол үшін бизнес-жобасын да әзірлеп үлгеріпті.
«Мысалы ұлттық киім тігу үшін біз көбіне дайын оюларды базардан сатып аламыз. Ал өзім дизайнын жасаған ою-өрнекті кесетін құрылғым жоқ. Сол үшін станогы бар адамдарға апарып кестіруге тура келеді. Ол бір жағынан шығын, екінші жағынан авторлық құқығымды бұзады. Өйткені, оюды кесіп берген адам оны ертесі күні басқа біреулерге дайын күнінде сатып жіберуі мүмкін. Және мұндай жағдай басымнан өтті де. Бір сауда нүктесімен келісіп, үлкен көлемде менің идеяммен киімдерді тігуге кірістік. Екі аптадан кейін базарға барсам, тура сол дизайндағы костюмдер толып тұр. Сондықтан, ою-өрнек кесетін лазерлік станок алғым келеді. Оның ең арзаны 1,5 миллион теңге тұрады. Бұл өзінің авторлық құқығымды қорғап, бренд жасау үшін керек», - деді кәсіпкер.
Алтын Сейілхан кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамдарға мемлекет тарапынан қолдау көп екенін айтады. Бастысы, өзіңнің табыс көзін табуға ниетің болу керек дейді. Айтуынша, өзі кәсіппен аналысқан 7 жылдың ішінде талай қиындықты бастан кешкен. Идеясы ұрланғаны былай тұрсын, тапқан табысының тең жартысы желге кеткен кездер болыпты. Бірақ соған қарамастан, күн-түн демей тапсырыс берушінің талғамына сай киімдерді тігуді тоқтатпадым дейді. Ең бастысы, ісімізді адал атқарып, сапалы киімдер тіктік деп отыр.
«Бір тапсырысты сапалы орындап, клиенттің көңілінен шықсаң ол ертең саған тағы басқа адамдарды тартады», - деді кәсіпкер.