«Қоңыратпын». Қазақстанда тұратын нигериялық Абдулкерім қазақ тілін қалай үйренгенін айтып берді
Абдулкерім 8 тілде сөйлейтін полиглот
Нигериялық Абдулкерім Рашиттің елордада тұрып жатқанына 7 жылдай уақыт болған. Алғашқыда ол Қазақстанға ағылшын тілі курсынан сабақ беретін мұғалім ретінде келіп, кейін той-жиындарда өнер көрсететін әнші болып кеткен. Абдулкерім өзінің ана тілін қосқанда 8 тілде сөйлейді. Айтуынша, қазақшасының дамуына шымкенттік достары көп үлес қосқан.
Нигериялық азамат Azattyq Rýhy тілшісіне қазақ тілін қалай үйренгені, Қазақстандағы өмірі және өз елінің мәдениеті туралы айтып берді.
«Қазақстанға келгеніме жақында 7 жыл толады. Өзім 25 миллион адам тұратын Нигерияның Логос қаласынанмын. Бұл елге келгенге дейін Әзірбайжан, Түркия, Ресей мемлекетінде өмір сүрдім. Бүгінде ана тілімді қосқанда, ағылшын, орыс, әзірбайжан, түрік, қазақ, грузин және араб тілдерінде сөйлей аламын. Қазақ тілін 2 жыл ішінде 100% түсініп кеттім, қазір 50% таза сөйлей аламын. Көп достарым Шымкенттен болғандықтан, қазақша сөйлеуім де соларға ұқсап кеткен. Терімнің түсіне қарап достарым «қоңыр бала», «қоңырат» деп кеткендіктен, өзімді қоңыратпын деп әзілдеймін (күліп). Орыс ұлтының қызына үйлендім, 5 жасар Әбдумәлік есімді ұлым бар. Отбасым осында болғандықтан, Қазақстанда тұрақтап қалғым келеді. Оған қоса, менің отанымда Қазақстандағыдай бейбітшілік жоқ. Террористік шабуылдар көп, саяси жағдай тұрақты емес. Мұнда туыстай болып кеткен достарым бар. Әсіресе, шымкенттік достарым көп қолдау білдіріп тұрады»,- деді ол.
ТОЙДАҒЫ ТАБЫСЫ ТУРАЛЫ
Ол Нұр-Сұлтанда інілері ашқан ағылшын тілі орталығында жұмыс істеп жүріп, қазақстандық той-бизнестің қыр-сырын түсінген. Кейіннен нигериялық жерлестерімен бірге топ құрып, агенттіктер арқылы тойға, корпоративтік кештерге шыға бастаған.
«Алғашқыда ағылшын тілі курсынан сабақ бергенмін. Қазір өнерге бет бұрып, жерлестеріммен бірге агенттіктер арқылы тойға шығатын болдық. Той астанада болса - $1500-2000 шығамыз, қазір жеңілдікпен 1000 долларға барып жүрміз. Бұрын ай сайын 10-12 тойға баратынбыз, қазір бір айда 4-5 тойға ғана шығамыз. Әйелімнің Тараз қаласында жиһаз шығаратын цехы бар, оған көмектесіп тұрамын. Өзімнің туған жерімнен келген бауырларыммен бірігіп, кафе аштым. Анама, бауырларыма ақша жіберіп тұрамын, менде ақша болмай қалса, олар маған салып жібереді. Өзім үлкен отбасынанмын, әкем үш әйел алған, үш бірдей әйелді Ана деп өстім. Жалпы 8 ағайындымыз. Әкем қайтыс болған, жақында анама үлкен үй салып беріп, көңілім тынышталды», - деді Абдулкерім.
ҚАЗАҚТАР МЕН НИГЕРИЯЛЫҚТАРДЫҢ ҰҚСАСТЫҒЫ ЖАЙЫНДА
Әңгіме барысында Абдулкерім қазақ тілін ғана емес, қазақтың тарихын да жақсы білетінін байқадық. Айтуынша, қазақтар мен нигериялықтарға ортақ қасиеттер бар.
«Менің арғы аталарым - арабтар, сіздердегі қожалар сияқты олар Нигерияға 2000 жыл бұрын Ислам дінін тарату мақсатында барып, қалып қойған. Қазақтар мен нигериялықтардың мәдениетінде ұқсастық бар. Сіздер руға бөлінсеңіздер, біздер әлі күнге дейін тайпаға бөлінеміз. Нигерияда 250 миллион адам және көптеген тайпалар бар. Мен - йоруба тайпасынанмын, бізде түркі тайпаларын да кездестіруге болады. Оларды жалпылама хауса деп атап кеткен. Қазір олар жергілікті болып кеткенімен, мыңдаған жылдар бұрын олардың арғы аталары түркілер жерінен келген. Тағы бір ұқсайтын тұсымыз - біз де Ислам дінін ұстанамыз. Анамның аты - Хадидже, әкем - Рашид, әпкемнің аты - Айша. Біз де қазақтар секілді әке-шешемізге зор құрметпен қарап, бауырларымызбен тығыз қарым-қатынастамыз. Сіздердегідей - үйге аяқ шешіп кіру, төр ұсыну, тойға бүкіл туған-туысқанды шақырып, отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлау бізде де бар», - деді ол.
Ол әңгіме барысында жергілікті тұрғындардың кейде оған басқа әлемнен келгендей үрке қарайтынын да жасырмады.
«Бәрімізді бір Алла жаратты. Әлемдегі халықтардың түрі, тілі бөлек демесеңіз, мәдениеттерінде, тұрмысында ортақ дүниелер көп қой. Кемсіту әрекеттерін жасап, бізге шошына қарайтын адамдар барлық елде кездеседі.
Осыдан үш күн бұрын достарыммен саябақта қыдырып жүргенбіз, содан жанымызға екі қазақтың қызы өздері келіп, ағылшын тілінде сұрақ қойды. Мен оларға қазақ тілінде жауап беріп едім, менің қазақшама таңғалып, тілді қалай меңгергенімді қызыға сұрады. Осылайша сөйлесіп тұрғанымызда, қазақтың жігіттері келіп: «Сен не үшін қазақтың қыздарымен сөйлесесің?» деп ашуланды. Ондайда мен дауласпаймын, барлық жерде ондай адамдар бар, түсіністік танытуға тырысамын. Әлемнің түкпір-түкпірінде достарым көп. Елімді сағындым, пандемия бітсе анама барып келемін. Үйде өзіміздің тамақтарды әзірлеп, афро-пати жасап тұрамыз. Қазақтың ұлттық тағамы - қазыны жақсы көремін. Бос уақытта футбол, теннис, америкалық бильярд ойнағанды ұнатамын. Қандай да бір проблема болса, шымкенттік «қоңырат» бауырларыма хабарласамын. Бұл Қазақстан ғой, бәрін таныс арқылы шешуге болады (күліп)», - деп аяқтады ол әңгімесін.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан