$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.06.2021, 16:56
Кейіпкер

Қызылжарлық қария Алматыға велосипедпен аттанды

Ол оңтүстік астанаға екі аптада жетуді жоспарлап отыр

Қызылжарлық қария Алматыға велосипедпен аттанды

Қызылжарлық қария Қазбек Бекеев велосипедпен Алматыға аттанды. Ол өзінің ерекше сапарын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту етпек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

НҰР-СҰЛТАННАН ПЕТРОПАВЛҒА 18 САҒАТТА ЖЕТКЕН

Қазыбек Кәкімұлы 67 жаста. Зейнеткердің қимылы ширақ. Жас кезінен спортты жанына серік еткен.  Бұл - қарияның қос доңғалақты серігімен алыс сапарға шығып отырған бірінші саяхаты емес. Былтыр ол Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы тапсырыспен велосипед сатып алып, Қызылжарға мініп келген. Ол 500 шақырым қашықтықты 18 сағатта жүріп өткен.

 «Пандемия басталғаннан бері марафондар өтіп жатқан жоқ. Сондықтан велосипедке міндім. Өте жақсы спорт. Жастарға үлгі болсын деп, алыс сапарға аттанғалы отырмын. Қазақтың барлығы спортқа ден қойса екен деймін. Бір адам үлгі алса да риза болар едім. Өзіміз өзгеруіміз керек. Жаттығу қиын болған жоқ. Себебі бұған дейін спортпен шұғыландым, шымырлық сақталады. Былтырғы астана сапарынан тәжірибе бар. Ол кезде су проблема болды. Кафе-дүкендердің барлығы жабық. Биыл ондай болмайды деген ниеттемін», - дейді Қазыбек Кәкімұлы.

АЛМАТЫҒА ЕКІ АПТАДА ЖЕТПЕК

Ал биылғы сапарын зейнеткер ҚР Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орайластырды. Орта есеппен сағатына 30 шақырым жылдамдықпен күніне шамамен 200 километрден астам жол жүруді жоспарлаған. Оңтүстік астанаға дейін қос дөңгелекті серігімен 14 күннің ішінде жетуді жоспарлап отыр. Алыс сапарға ол ұзақ дайындалыпты. Қарияның айтуына қарағанда, балалары алғашында велосипедпен алыс жолға шығуға қарсылық білдіріпті. 

«Балаларым бұл сапарға шығуға қарсы болды. Мені Алматыға ұшақпен жібергілері келді. Жаны ашыған соң айтқан шығар. Қиналмасын деп. Бірақ мен өзімді қинамаймын. Қатты жылдамдықпен жүрмеймін. Мен үшін сағатына 30-35 шақырым қиын емес. Тоқтап, демаламын. Менің Алматыға велосипедпен аттанатынымды естігенде достарым, таныстарым риза болды. Енді балаларымның да пікірі өзгере бастады. Кіші қызым Америкадан хабарласып, сәт сапар тіледі, үлкенім де телефон соқты, риза болып қалдым», - дейді зейнеткер.

ҚАРИЯ ТАЛАЙ МАРАФОНДЫ ЕҢСЕРГЕН

Әрдайым салауатты өмір салтын ұстанып жүретін спортшы Аққайың ауданы Аралағаш ауылының тумасы. 1997 жылға дейін сол елдімекенде тұрып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Қазір облыс орталы – Петропавл қаласында тұрады. 6 бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 4 қызы мен 2 ұлынан 20-ға жуық немере сүйіп отыр. Жалпы Қазыбек Кәкімұлы спортқа бұрыннан жақын екен. 2000 жылдардан бастап жеңіл атлетикаға бет бұрып, халықаралық марафондарға қатыса бастаған.

«Талай үлкен жарыстарға қатыстым. Соның ішіндегі мен үшін ең сәтті өткені 2014 жылы болды. Ресейде абсолюттік біріншілікте ерлер арасында екінші орын алдым. Одан бөлек былтыр 34 қабатқа жүгіріп шықтық. Онда да дайындалмастан барып, абсолюттер арасында 4 орын алдым. 50 жасқа дейінгі спортшылыр бақ сынасқан еді. Ал мен 66-да болдым. Мені судьялар жасым сәйкес болмағандықтан жарысқа жібергісі келмеді. Түркияда екі рет жеңіл атлеттер марафонына қатыстым. Оның өзі ұмытылмас естелік болды», - дейді Қазбек Бекеев.

Велосипедші алыс сапарға, өзімен бірге киім-кешек, жатын қап, сусын мен аз ғана тамақ алыпты. Қарияны жақын достары шығарып салып, ақ жол тіледі. 

«68 жасқа қараған үлкен қария бола тұра ол кісі басқаларға жай ғана ақылымен емес, өзінің іс-әрекетімен де үлгі боларлықтай азамат. Оны бірінші кезекте иманды адам ретінде танимын.  Әрқашан да берген уәдесінен таймайтын азамат. Жеңістің 60 жылдығына орай «Лодейное Поле - Петропавл» атты үлкен марафонға қатысты. Соғыс кезінде Ресей жерінде қалған қазақ солдаттарының зиратына еліміздің топырағын апарып салды. Кері қайтарда 3200 шақырымды жүгіріп өтті. Тәуелсіздік – ұлы мереке. Қазыбек Кәкімұлы туған елдің перзенті ретінде осындай үлкен тарту жасап отыр. Әр адам осындай игі іспен елге пайдасын тигізсе нұр үстіне нұр болар еді», - дейді Петропавл тұрғыны Күлімкөз Смаилова.

«Мен Қазыбекпен 2005 жылы марафонда таныстым. Ол кезде біз Жеңістің 60-жылдығына орай Лодейное поле қаласынан Петропавлға дейін 7 тәуліктің ішінде жүгіріп келген едік. Міне сол уақыттан бері біз жақын араласамыз. Достығымызға 15 жыл болып қалыпты. Биыл Алматыға кетіп бара жатыр. Сәттілік тілейміз. Аман-есен оралуына тілектеспіз. Өзі нағыз патриот. Сапарын еліміздің мерейлі датасына арнайды», - дейді Сергей Мартемьянов.

«АРМАНЫМ – ЕУРОПАҒА САПАР ШЕГУ»

Қазыбек Бекеевтің алдында ұзақ сапар тұр. Ол күнің ыстығы, жаңбыр мен жел өзіне кедергі келтірмейтінін айтады. Екі дөңгелекті серігімен бірге болашақта Еуропаны да бағындыруды армандайды.

«Қолыма Қазақстаннык көк туын алып, Еуропаны аралағым келеді. Кәдімгідей, жоғары жылдамдықпен. Қазақ тегін халық емес. Соны баршаға паш еткім келеді», - дейді спортшы.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары