«Мемлекеттен қолдау жоқ». Жас баскетболшы Кәусардың анасы назын айтты
Қазақстандағы қыздар баскетболы, жас спортшыларға қолдау және өңір спорты туралы
Талғар ауданына қарасты Белбұлақ ауылындағы №32 жалпы білім беретін 14 жастағы мектеп оқушысы Кәусар Нұрғазы облыс бойынша баскетболдан жасөспірім қыздар арасындағы үздік ойыншы.
Нұрғазиевтар отбасында алты бала бар. Кәусардың алдында әпкесі, сосын артынан ерген сіңілісі мен үш інісі бар. Ол алғаш көшедегі бұзық балалардан інілерін қорғау үшін таэквондо үйірмесіне жазылып, кейіннен баскетболға көшкен. Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан Кәусардың анасы еліміздегі жасөспірімдер спортына деген қолдаудың жоқтығына өкпесін білдірді.
АЛМАТЫДАҒЫ СПОРТ ИНТЕРНАТТАРЫНЫҢ БІРДЕ-БІРІНДЕ ҚЫЗДАР БАСКЕТБОЛЫ ЖОҚ
«Қызым спортқа кішкентай күнінен бастап қатты қызығады. Оның спортқа деген қызығушылығы өзін, інілерін әлімжеттіктен қорғаудан басталды. Біз тұратын аудан тұрғындары түрлі ұлт өкілдерінен құралған. Әсіресе, ұл балалар өзара бөлініп алып, өзінен кішілерге сес көрсетеді. Кәусар ес білгелі ойнап жүрген інілерін басқалар ұрып кетпесін деп қамқорлық танытып жүріп, мектептегі тегін спорт секцияларына баратын. Бастапқыда таэквондо, одан кейін армрестлингке қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүрді. Кейін баскетболға ауысып жақсы нәтижелер көрсеткенде, оның спортқа деген қабілеті барына назар аудара бастадық», - деді Кәусардың анасы Гүлсара.
Көпбалалы ана қызы баскетболмен кәсіби түрде айналысуы үшін арнайы спорт-интернаттар іздеген екен. Бірақ Алматыдағы бірде-бір спорт мектебінде қыздар баскетболы болмай шыққан.
«Спорт мектептерін аралап жүріп бір байқағаным, баскетбол, волейбол, теннис сынды спорт түрлерімен тек қалалықтар айналысуы тиіс деп қарайтын сияқты. Ауылдағы қазақ балалары бокс пен күресте ғана дарынды емес қой. Қызымыз баскетболмен кәсіби түрде айналыссын деген оймен жолдасыммен бірге облыс, қаладағы спорт интернаттарын араладық. Былтыр республикалық спорт колледжі «екінші разряд» әкеліңіздер деген. Бір жыл бойы ол көптеген жарыстарға қатысып, екінші разрядты иеленді. Содан құжаттарымызды дайындап барсақ, әзірге баскетболдан қыздар командасы жоқтығын айтады. Басқа ақылы мектептерде ғана қыздар баскетболы бар, бірақ оған біздің жағдайымыз жетпейді. Алты баланың тамағы, киіміне жұмсайтын біз күнделікті Кәусардың жаттықтырушылары жазып беретін тамақтарға төлей алмаймыз. Спорт мектебінде тамақтану режимі бар, арнайы мамандар рацион жазады, өзі сынды спортшы қыздармен бірге жаттығады деп үміттенгенбіз... Шаңырақ ауданындағы спорт-интернаттағылар жаттықтырушылар тек жеке-жеке жаттықтыратынын айтып, бізді алмай қойды. Кәкен Ахметов атындағы мектепте де қыздар тобы «жоқ» дейді. Аудандық жарыстарға қатыстырғанда, жолы, тамағы мен жататын орны үшін өзіміз төлейміз. Мемлекеттің жас спортшыларға деген қолдауы жоқ. Ертеңгі чемпиондар осындай кішкентай спортшылардан шықпай ма?!», - деп ренішін білдірді Гүлсара Өтеп.
ЖАРЫСТАРҒА ҚАРАЖАТТЫ СПОРТШЫЛАР ӨЗ ҚАЛТАCЫНАН ШЫҒАРАДЫ
Azattyq Rýhy тілшісі Кәусардың өзімен де сөйлесті. Ол да анасының айтқандарын растап отыр.
«Баскетболмен айналысқаныма қазір 4-ші жыл. Таэквондаға, қолкүреске қатысқанмын. Бірақ маған командалық ойындар ұнайтынын білдім. Талғар ауданындағы баскетболдан жасөспірімдер құрамасындамын. Таңертең сабақ оқимын, түстен кейін жаттығуға барамын. Мұғалімдер «мектептің атын шығарып жүр» деп маған түсіністікпен қарайды. Биыл Ұзынағашқа барып «ең үздік ойыншы» деген номинацияны жеңіп алдым. Жақында Қаскелеңге барып келдім. Жаттықтырушы ағайлар спорт-интернатқа барып, кәсіби түрде айналысуға кеңес бергендіктен, қаладағы біраз мектепті араладық, бірақ ешбірінде қыздар командасы болмай шықты. Бір шетінен ата-анама да салмақ салмайын деген едім. Өйткені бізге жарыстар үшін ешқандай қаражат бөлінбейді. Сайыс алдында «Жарыстардан орын алып келсеңдер, ақша береміз» деп айтылады, бірақ ешқандай ақша көрген емеспіз. Жарысқа барғанда жолыма, тамағыма, жататын орныма бәрін үйдегілер, кейде жаттықтырушыларымыз мемлекеттен бөлінген қаржы деп төлейді. Киетін формамыз да (экипировка) арзан емес. Баскетболға арналған кроссовкиді 25 мың теңгеге туыс әпкем сатып алып берді. Ал форманы 3 мың теңгеге сатып алып, артындағы жазуды 2 мың теңгеге жаздырдым. Сол жағы қиын болып жатыр», - дейді Кәусар.
Болашақта баскетболдан үздік атанып, «ел намысын халықаралық сайыстарда қорғағым келеді» деген Кәусар онлайн сабақ басталғалы бері оқу үлгерімі де нашарлап кеткенін жасырмады.
«Пандемия басталғанға дейін үздік оқитынмын, қазір онлайн сабақтың кесірінен бір-екі сабағым нашарлап кетті. Онлайн кезде жаттығулар аптасына бір рет қана болып жүрді. Жаттығудан қалмау үшін Талғарға барып жүрдім. Қазір аптасына үш рет барамын, одан бөлек құраманың жаттығуы бар. Командада 8 қыз болғанбыз, қазір жаңадан қыздар келіп жатыр. Спорттан басқа хоббиім жоқ. Болашақта Назым Қызайбай, Сәбина Алтынбекова әпкелерім сияқты еліміздің атын әлемге баскетбол арқылы танытқым келеді. Қалай болғанда да бұл спорт түрін тастағым келмейді», - деді Кәусар Нұрғазы.
Azattyq Rýhy тілшісі баскетбол федерациясына хабарласып, спорт интернаттарындағы қыздар баскетболы, оларға бөлінетін қаржы туралы сұраған еді. Бірақ федерацияның ресми өкілі тек жарыстар өткізумен айналысатынын айтты. Ал, еліміздің спорт саласына жауап беретін ресми орган Мәдениет және спорт министрлігі Қ.Мұңайтпасов пен Қ.Ахметов атындағы спорт интернаттарындағы баскетболға қатысты жауапты әзірлеп жатыр. Қалған спорт мектептері жергілікті басқарма өкілдеріне қарайды екен.
Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан