ШұғылЖыл басынан бері өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан 310 адам зардап шеккен

Қазақстандық ревматолог-дәрігер британдық студенттерге сабақ беріп жүр

Әлемдік және отандық ғылым жөнінде Бристоль университеті ғалымымен сұхбат

фотосуреттер: Әлия Сарманованың жеке архивінен

Қазақстандағы ЖОО-ларда ғылымды дамыту бағыты (research) бөлек қолға алынбаған. Ғылыммен айналысуға қаражат аз.

Azattyq Rýhy тілшісі 1876 жылы негізі қаланған, әлемдегі ТОП-50 ЖОО тізіміне енетін Бристоль университетінде сабақ беріп жүрген ғалым, қазақ қызы Әлия Сармановамен әңгіместі.  

Қазақ жастары не себепті Ұлыбритания университеттерін таңдайды? Елімізде ғылымды дамытуға қандай факторлар кедергі? Не себепті шетелдік ғалымдардың зерттеуі жоғары бағаланады? Медицинаның ревматология саласын зерттеп жүрген қазақ ғалымы осы және өзге де маңызды тақырыптар жөнінде ойымен бөлісті.

ЗЕРТТЕУ ТАҚЫРЫБЫ - РЕВМАТИКАЛЫҚ АУРУЛАР

«Мен Астана медицина университетінде жоғары білім (MD) алдым. Одан кейін 2014 жылы докторантураны шетелде оқу мүмкіндігі туған кезде, Ұлыбританияны таңдадым. Себебі, ол кезде Британия елін географиялық орналасуына қарай біздің елге жақын деп санадым. Тағы бір маңызды себеп – білім сапасы. Ұлыбританияның Ноттингем университетінде оқыдым. Қазір Бристоль университетіндегі Академиялық ревматология орталығында ғылыми қызметкермін. Аталған екі ЖОО да Британияның ТОП-10 унивеситеті тізіміне кіреді, сондай-ақ әлем бойынша мойындалған 50 университет қатарында. Менің ойымша, қазақ жастары осындай факторлар есебінен Британия Корольдігін таңдайды», - дейді Әлия.

NIHR Health Technology Assessment Programme гранттарының рецензенті. The Lancet-ті қоса алғанда, жетекші әлемдік басылымдарда 20-дан астам ғылыми мақала жазған Әлия оның 15-ін Швеция, Испания, Қытай, Тайвань, Жаңа Зеландия ғалымдарымен бірлесіп, қалған 6 мақаланы өзінің жеке зерттеуі нәтижесінде жариялаған.

«Менің мақсатым – ревматикалық аурулардың себебін зерттеу. Фокус 2 бағытта: бірі – сүйектеріміздің пішіні остеоартрит қаупіне қалай әсер етеді, аурудың пайда болу қаупін оның пайда болуынан бұрын анықтау. Ол үшін біз жасанды интеллект алгоритмдерін қолдана отырып, тізе мен жамбас буындарының 100 мыңға жуық суретін талдадық. Сүйектер мен буындардың пішініне қандай генетикалық нұсқалар қалай әсер ететінін білу үшін талдау жүргіземіз. Жасанды интеллектті қолдану себебіміз, аурудың енді пайда болған кезеңінде адам байқамай қалатын ұсақ белгілерді компьютер анықтауы мүмкін. Бұл өз кезегінде алғашқы сатыда аурудың алдын алуға мол мүмкіндік береді. Ал екіншісі – эффективті ем көрсетудің тәсілдерін анықтау», - дейді Әлия.

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ НЕ СЕБЕПТІ АҚСАП ТҰР?

6 жылдан астам уақыт Ұлыбританияны мекендеген, жолдасының қызметіне байланысты соңғы жарты жылда Швейцарияда тұратын, 4 тілді еркін меңгерген (қазақ, орыс, ағылшын, француз) қазақ қызы Қазақстандағы ғылым туралы пікірін айтты.

«Ұлыбританиядағы ЖОО-да магистрлік, докторлық білім «research» және «teaching» бағыттарын бөліп оқытады. Яғни, ғылым бағытында және білім беру бағыты бойынша. Оқу жүйесіндегі ерекшелікпен қатар, арнайы ғылым саласын қолдау үшін жыл сайын миллиондаған гранттар бөлініп жатады. Нәтижесінде ғылыми қызметкер өз қабілетін жақсылап көрсете алады, мықты команда жиналып, зерттеулер жүргізеді. Ал, Қазақстанда ғылымға таза берілген адам ғана іздене береді дер едім. Себебі, грант аз. Қаражат өте аз мөлшерде бөлінеді. Мысалы, дәрігерлер өздері ізденіп жүріп, гранттарды әрең табады. Мүмкіндік аз», - дейді ғалым.

«ТІЛ ҮЙРЕНУГЕ ӘР АДАМНЫҢ МҮМКІНДІГІ БАР»

Әлия Сарманова тәжірибесімен бөлісіп, маманның түрлі кедергіге қарамастан, өзін үнемі дамытып, ғылыммен айналысуы үшін не істеуі керектігін айтты.

«Докторантурадағы оқуыма дейін ұзақ жыл елордалық қалалық ауруханалар мен диагностикалық орталықта ревматолог болып жұмыс істедім. Мен қашанда практикалық жұмысты таңдаймын деп ойлайтынмын. Алайда, қазір ғылым жолындамын. Себебі, орта есеппен ауруханада жылына мың науқасқа көмек көрсетсем, қазір 1 мақаламды оқыған мыңдаған дәрігер он есе көп науқасқа көмек бере алады.

Адам өзін дамыту арқылы ойын да өзгертеді екен. «Тіл үйренуге уақыт жоқ» деген - жай сылтау. Қазір мен итальян, неміс тілдерін үйренгім келеді. Бес айлық балама көп уақыт бөлуге тура келгенімен, маған тіл үйренуге ешнәрсе кедергі емес. Білесіз бе, ағылшын тілі - орыс, неміс, француз тілдерімен салыстырғанда, ең оңай тіл. Күніне ВВС радиосынан әртүрлі тақырыпта 5-10 минуттық видео, аудио тыңдаңыз. Грамматиканы жақсартатын жаттығуларды өз бетіңізбен жасай беріңіз. Ең бастысы, оның бәрін үзбей, күнделікті орындаңыз. Көп ұзамай нәтижесін көресіз», - деп оқырмандарға кеңесін айтты.

Әлия Сарманованың Қазақстанда анасы, бауыры және туыстары бар. Ол отанына жиі келіп тұратынын және ғылым саласында Қазақстанның оқыған азаматтары санының артуына тілекші екенін айтты.

«Мен зерттеулерім арқылы көп адамға денсаулығын сақтауға, жақсартуға көмектесе аламын деп сенемін», - деп қорытындылады сөзін Әлия Сарманова.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан