Grammy жүлдесі: Тоқаев Иманбекті жеңісімен құттықтады

Иманбек Зейкенов Roses ремиксімен Grammy жүлдесін жеңіп алды

Grammy жүлдесі: Тоқаев Иманбекті жеңісімен құттықтады
Иманбек, фото: nytimes.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық Иманбек Зейкеновке аса беделді Grammy музыкалық сыйлығының табыс етілуі жөніндегі жаңалықты зор қуанышпен қабылдады. Бұл туралы ҚР Президентіңнің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

«Өзінің таланты мен мақсат қоя білуінің арқасында диджей Imanbek әлемдік шоу-бизнестің басты сыйлықтарының бірін иеленді. Оның шығармашылығы қазақстандық жастардың да ең биік шыңдарды бағындыра алатынын дәлелдеді», - делінген құттықтауда.

Еске сала кетейік, 2020 жылдың 5 қарашасында Roses атты әнге (SAINt JHN) ремикс жасап әлемге танылған қазақстандық диджей Иманбек Зейкенов Grammy сыйлығына ұсынылды. Номинанттардың тізімі әлемдік премияның ресми сайтында жарияланды.

Айта кетейік, Иманбек – Grammy сыйлығына үміткер болған алғашқы қазақстандық. Оның ремиксі YouTube желісінде 117 миллион рет қаралған, 20 аптадан аса уақыт бойы Billboard Hot 100 чартында үздік 10-дықта тұрды. Иманбек 2019 жылдың желтоқсан айына дейін теміржол станциясында жұмыс істеген. Алайда, оның Roses әніне жасаған ремиксі тағдырын мүлдем басқа арнаға бұрды.

Еске сала кетейік, шілдеде The New York Times басылымында Иманбек Зейкеновтің сұхбаты шығып, ол ата-анасымен бірге Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласында тұратынын айтты. Иманбектің әкесі – өрт сөндіруші, анасы туристік агенттікте жұмыс істейді.

Сондай-ақ жақында қазақстандық музыкант атақты америкалық әнші, биші, актер, R&B бағытындағы табысты артист Usher және Marshmello деген лақап атпен танымал диджеймен бірлесіп Too much атты ән жазды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.