«Цех ашу үшін 100 мың теңге жеткілікті»: алғашқы миллионын мектеп жасында тапқан 16 жастағы кәсіпкермен сұхбат

Айқын Тұрсынхан жиһаз шығарумен айналысады

«Цех ашу үшін 100 мың теңге жеткілікті»: алғашқы миллионын мектеп жасында тапқан 16 жастағы кәсіпкермен сұхбат
Айқын Тұрсынхан, фото: instagram.com/_aikyn_t

Бүгінгі кейіпкеріміз – жас болса да жеке кәсібін ашып, көлемді табыс тауып отырған 16 жастағы мектеп оқушысы Айқын Тұрсынхан. Ол кеңсе, асхана мен үйге арналған үстел, орындықтар шығарумен айналысады. Айтуынша, кәсіпті бастамас бұрын клиенттердің сұранысын мұқият зерттеп, сұраныстың барын білген соң жеке цех ашқан. Жас кәсіпкер қазір сату өнерінің қыр-сырын үйрететін арнайы курс жүргізеді. Бір күндік табысым 20-50 мың теңгені құрайды деген ол, бір айда орташа есеппен милион теңгеге жуық қаражат табады екен.

Azattyq Ruhy тілшісі мектеп оқушысымен оның кәсібі жайында, цех ашудың қиындықтары мен табыс көзінің тұрақтылығы жөнінде сұхбаттасты.

«Кәсіпкерлікке өнер ретінде қараймын...»

Айқынның ашқан цехында бар жоғы үш адам қызмет етеді. Біреуі тапсырыстарды жасайтын шебер болса, екіншісі сатумен жеткізуімен айналысады. Ал өзі барлық тапсырыс мен қаржылай кіріс-шығысты қадағалап отырады.

«Кәсіпкерлікке кішкентайымнан қызығатынмын. Жеке кәсіпті бастамас бұрын алдымен сұранысты білу мақсатында бірнеше іске жарнама жасап көрдім. Арасында осы жиһаз сату да болды. Халықтың сұранысы жақсы екенін білген соң, дайын өнімдерді алып, қайта сатып жүрдім. Ол кезде 14 жаста болатынмын. Біршама қаражат жинап алып, өткен 2020 жылдың басында цех аштым. Кәсібім Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Наурыз айына дейін жұмыс істеп, айналым енді көбейіп жатқан кезде карантинге байланысты жұмысты тоқтатуға тура келді. Жазға қарай қайта рұқсат алып ісімізді жалғастырдық.

Қазір арнайы пәтер жалдап, сол жерде жұмыс істеп жатырмыз. Біздің цехтың ең негізгі жұмысы орындық, үстел жасау. Бірақ, одан да бөлек ас үйге, қонақ бөлмеге арналған жиһаздарға тапсырыс келсе, шеберлермен келісіп істетемін. Үстелдерге қажетті материал мен құрал-жабдықты арнайы орындардан сатып аламын. Цехта нақты жұмыс істейтін екі адам бар. Бір шеберіміз тек үстел жасаумен айналысса, екіншісі үстел жасап, оны таратуға да көметесіп отырады», - дейді жас кәсіпкер.

Жұмыскерлердің жалақысы тапсырысқа байланысты күн сайын беріліп отырады. Ал, тапсырыстың басым бөлігі әлеуметтік желіден таратылған жарнамалардан келеді. Кәсіпкер бизнесте әлеуметтік желінің беретін көмегі көп дейді.

«Цехты алғаш ашқанымды Instagram желісі арқылы жарнама беріп, клиент жинаған болатынмын. Келген әрбір клиент екінші-үшінші рет қайта келуі мүмкін және таныстарына да айтады. Осылайша, ақырындап тапсырыстар келе бастады. Шеберлеріме айлығын айға созбай бірден беріп отырамын. Бір күнде қанша үстел жасап сатсақ, соған байланысты жалақының бағасы өзгеріп отырады. Сауда болғаннан кейін бір айда табыс өте жақсы болса, кейде нашар болады. Менің күндік табысым 20-50 мыңның арасын құрайды. Бұл сауда орташа деңгейде болатын баға. Ал, желтоқсан айында тапсырыс көбейеді. Ол уақытта бір күнде 150 мың теңгеге дейін табыс табамын», - дейді Айқын.

Цех ашуға қыруар ақша керек емес

Айқын елордадағы нөмірі 4-ші мектептің 10 сыныбында оқиды. Қарапайым отбасынан шыққан оның ерте жастан бастаған кәсібіне ата-анасы барынша қолдау көрсеткен. Оқушы кәсіп бастап, цех ашу үшін қыруар қаражат керек емес дейді. Бастысы қажетті деген заттарды алуға ақша болса жеткілікті.

«Жақында ғана 16-ға толдым. Ж.Жабаев атындағы №4 мектепте оқимын. Менің ата-анамның екеуі де ұстаз. Негізі Павлодар облысы Ақсу қаласынанмын. Нұр-Сұлтанда тұрып жатқаныма жеті жылдай болды. Көбі цех ашуға қыруар қаражат кетеді деп ойлайды. Цехты ашуға ең бастапқыда 100 мың теңге жеткілікті. Жүз мыңның ішінде қажетті құралдар, негізгі материалға 30-40 мың кетеді. Жиһаз жасауға керек 4-5 құрал бар. Соларды жүз мыңға сыйатындай етіп алуға әбден болады. Сонымен қатар, қазір материалды кесетін арнайы компаниялар жетерлік. Сол жерге барып, қалауыңша кестіріп, пішінін келтіріп алуға болады.

Менің ойымша қазіргі жиһаз жасаушылардың 95 пайызында жұмысқа қажетті үлкен құрылғылар жоқ. Құралдар қымбат тұрғандықтан қазір цех ашатындардың көбі осындай мәселелерге келгенде басқа компаниялардың көмегіне жүгінеді», - дейді Айқын

Айқын кәсіпті толық өз ақшасына бастағанын және мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қаржылай көмектерге жүгінбегенін айтады. Жас кәсіпкер бүгінгі күні сатудың жолдарын үйрететін арнайы курс жүргізеді. Курста кәсіпкерлерге арналған тың ақпараттар мен жарнаманың заманауи түрлері баяндалады.

«Кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламаларға жүгінген жоқпын. Біріншіден, ондай бағдарламалардан аса көп хабарым жоқ. Екіншіден, арнайы несие немесе басқа да көмек алуға менің жасым жетпейді. Сондықтан қазір қолымнан келетінімен айналысып жүрмін.

Өзім жиһаздан бөлек онлайн курстар жүргіземін. Кәсіпкерлікке қажетті ақпарат, кеңестермен бөлісемін. Әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, арнайы жүйелер арқылы кәсіпті жүргізудің оңай жолдарын үйретемін. Қазір WhatsApp желісінде құрған топтарыма тіркеліп, кәсіпкерлік жайында ақпарат білгісі келетіндердің қатары көп», - дейді жас кәсіпкер.

Кәсіпкерлікке қажетті қолдау

Бүгінде жеке іспен айналысуға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек пен қолдау көп, тек әрекет ету керек деген Айқын, кәсіпкерлерге керек негізгі қасиеттер жайда да айтып өтті.

«Менің ойымша, табысты кәсіпкерге керек негізгі қасиет: сезімге бой алдырмау, салқынқанды болу. Кәсіпкерлердің көбі кәсібін алғаш бастаған сәтте ақшаның аз түсуінен, клиент жинай алмағандықтан тастап кетіп жатады. Қатты қуанып немесе көңіл күйің түсіп тұрған уақытта ешқашан шешім қабылдамау керек. Істі бастаған соң оның айналып кеткеніне дейін кідіріп, тоқтап қалуға болмайды. Қазір елімізде кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар өте көп. Мемлекет тарапынан да қолдау жетерлік. Енді әркет етіп, өз ісіңді ашуға көбірек талпыну қажет», - дейді ол

Айқын кәсіппен бірге сабақты да қатар алып жүр. Болашақта физика-математика маманы болғысы келеді.

«Оқумен жеке кәсіпті алып жүру әрине, қиынға соғады. Уақыт жетпей қалатын кездер болады. Дегенмен, мен бәріне үлгеруге тырысамын. Ең бастысы, ынта болса бәріне үлгеруге болады. Қазір 10-сынып оқығандықтан, ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатырмын. Мектеп бітірген соң физика-математика мамандығына оқуға түскім келеді. Бірақ, қазіргі жұмысым өзіме қатты ұнайды. Бұл менің хоббиім десем болады. Кәсіпкерлікке өнер ретінде қараймын. Алдағы уақытта аталған цехты үлкейткім келеді. Бірақ, оны уақыт көрсетеді.

Сонымен қатар, болашақта онлайн оқыту платформамды ашу арманым. Айта берсем, арманым өте көп. Ең бастысы, қазір алдымда тұрған жұмыстарым мен міндеттерімді абыроймен орындап алсам деймін», - дейді жас кәсіпкер.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.